Кеше жүзден астам зейнеткер «Валют-Транзит Банкі» акционерлік қоғамының Оңтүстік Қазақстан облыстық филиалының ғимараты алдында өткен айдағы зейнетақыларын беруді талап етіп пикет өткізді. Бұл қарттардың кейінгі уақыттағы соңғы мәжбүрлі жиыны емес. «Біз айдың басынан бері сандалып жүрміз. Зейнетақы төлеу орталығының қызметкерлері біздің ақшамыз аударылған дейді. Ал банк оны бізге 25-желтоқсанға дейін міндетті түрде беруге тиіс. Бірақ олар бермей, бізбен сөйлескісі келмей отыр»,- деді зейнеткерлердің бірі.
Адамдар банк ғимаратының алдында бірнеше сағат сарылғанымен, алайда оларға филиал басшылығынан шығып жауап берген ешкім болған жоқ.
Мемлекеттік зейнетақыларды төлеу орталығының Оңтүстік Қазақстан облыстық бөлімшесіндегілердің Kazakhstan Today агенттігіне берген түсініктемесіне сәйкес, «Валют-Транзит Банкі» акционерлік қоғамының қызметін тұтынатын зейнеткерлердің зейнетақысы міндетті түрде төленеді, бірақ, банктің лицензиясы кері қайтарып алынуға байланысты ендігі жерде төлемдердің тәртібін Ұлттық банк айқындамақ.
Облыстық әлеуметтік қорғау департаментінің мәліметіне сәйкес, «Валют-Транзит Банкі» акционерлік қоғамының Оңтүстік Қазақстан облыстық филалының қызметін тұтынатын бір жарым мың зейнеткерден 568 адам ғана есепшоттарын басқа банкке ауыстырып үлгермей қалған.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті