Жергілікті билік пен бұл комиссия өзіне жүктелген міндетті атқара алмады. Дау бойынша екі жақты да қанағаттандыра алатын әділ шешімді шығара алмады»,-деді кеше Алматыда өткен баспасөз мәслихатында Қазақстандық халықаралық адам құқықтары және заңдылықтың сақталуын қадағалау жөніндегі бюроның директоры Евгений Жовтис. «Керісінше үйлерді құлатып, халықаралық стандарттарға қайшы келетін өрескел заң бұзушылықтарға жол берілді»,-деді құқық қорғаушы.
Алматыдағы Хельсинки комитетінің төрайымы Нинель Фокинаның айтуынша, комиссия жұмыс істеген жоқ, ұсынылған құжаттар қарастырылмады. Тек қана төрт мәжіліс өткізілді. Оның екеуі ұйымдастыруға арналды, бірі — оқиға орнына бару болса, екіншісінде шешім жарияланды. «Бұл комиссия емес, бұл Аманбек Мұқашевтің — әділет министрлігінің жанындағы дін істері жөніндегі комитет төрағасы орынбасарының ұстанымы»,- деп атап өтті ол.
Е.Жовтистің пікірінше, кришнаиттердің құрылыстарын бұзу халықаралық және Қазақстан құқығына қарсы әрекет. «Үйлерді қыстың көзі қырауда құлатып, соттың шешіміне қарамастан, әйелдер мен балаларды далада қалдыруға болмайды. Бұл туралы балалар құқығы жайлы Конвенцияда жазылған. Мұның барлығы арнаулы қызметтердің күшімен емес, өркенитетті жолмен шешілуі керек болатын»,-деді құқық қорғаушы. Бұл әрекет, Е.Жовтистің ойынша, «Бақай», «Шаңырақ» аудандарында болған оқиғаға ұқсайды. Бір айырмашылығы — адамдар қарсылық көрсетпеген.
Сонымен қатар, Е.Жовтистің пайымдауынша, жергілікті билік өкілдерінің әрекеттерінде «діни қыспаққа алу белгілері» байқалады. Оның айтуынша, жер телімдерін жекешелендіру кезінде ұйыммен көрші тұратындарға қандай діни топқа жататынын көрсетуді міндеттеген. «Осыдан келіп саяжайлық жер учаскелердің қожайындарына алалаушылычқпен қараған. Кімде-кім кришнаит болса, соның үстінен шағым түсірілген»,-дейді құқық қорғаушы.
«Үйлерді құлату адамгершілікке жат әрекет. Мемлекет билікпен келіспейтін азаматтарына қалай қарайтындығын көрсетті»,-деді Фокина.
«Мәселе тек «Общество сознания Кришны» ұйымына қатысты емес, мәселе мемлекетпен текетіреске келіп қалған барлық азаматтар жөнінде. Ал мемлекет олармен таяқ пен жұлдырық арқылы ғана сөйлесетіндігін көрсетті»,-дейді Е. Жовтис.
Ал Қарасай ауданындағы кришнаиттердің әрекеттері Қазақстанның беделіне кір келтіреді деген сөзге қатысты Е. Жовтис: «Заңға қарсы келетін және ақыл мен әділетке қайшы әрекетке бармау керек, сонда ғана беделге кір жұқпайды»,-деді.
Сөзін қорытындылай келе құқық қорғаушы кришнаиттермен болған оқиға оң шешімін табады деген үміт білдірді.
Осыған дейін хабарлағанымыздай, комиссия, «Общество сознания кришны» діни ұйымының Орта Азия бойынша үйлестірушісі Говинда Свамидің ұсынысы бойынша 2006 жылдың 7 қыркүйегінде құрылған болатын. Алайда оның шешімін күтпестен соттың шешімін орындаушылар ұйымға тиесілі 14 тұрғын үйді бұзып тастайды. А. Мұқашов басқарған комиссия 5 қаңтарда өз шешімдерін жариялады. Онда Алматы облысы Қарасай ауданы әкімшілігінің, сонымен қатар Алматы облысы Қарасай аудандық сотының кришнаиттерге тиесілі үйлерді бұзу тарулы шешімдерін заңды деп тапқан болатын.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті