Федеральдық ғарыш орталығының баспасөз қызметінің ақпараттарына сүйенсек, 254-алаңның монтаждау-сынақ корпусында «Союз-У» зымыран тасығышы мен «Прогресс М-59» жүк кемесін ұшыруға дайындық жұмысы жүргізілуде.
Кеше «Прогресс М-59» кораблі қозғалтқыш қондырғысына жанармай мен сұйытылған газ құю жұмыстары жүргізілген 31-алаңнан 254-алаңға жетікізіліп, арнайы стендке орнатылды. Жақын күндері ғарыш кемесіндегі бас обтекательді орнату жұмыстары жүргізіледі, сосын зымыран тасығыш пен жүк кемесін жаппай құрастыру жұмыстары жүзеге асырылады. 15-қаңтар күні «Союз-У» зымыран тасығышы «Прогресс М-59» ғарыш кемесімен бірге ұшырылымға дайындау үшін 1-алаңдағы ұшыру кешеніне жеткізіледі.
«Алдағы ұшырылым Байқоңырда 12-қаңтарда аталып өтетін отандық зымыран техникасының негізін қалаушы С. Королевтің 100 жылдық мерейтойына арналады. Қазіргі «Союздардың» баламасы — Р-7 зымыранының негізін қалаушының құрметіне кеме обтекателіне Королевтің суреті орнатылмақ»,- деп хабарлады ФҒО.
«Прогресс М-59» Халықаралық ғарыш станциясына жанар-жағармай компоненттерін, 14-ші негізгі экспедиция ғарышкерлеріне су мен азық-түлік өнімдерін жеткізуге тиіс.
«Союз-У» зымыран тасығышы мен «Прогресс М-59» жүк кемесінің ұшырылымы 18-қаңтарға жоспарланып отыр.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті