«Біз білім жүйесіндегі басшыларды министрліктің тағайындау механизмін әзірлеу жөніндегі ұсынысымызды қолдауларыңызды сұраймыз»,- деді Ж. Түймебаев үкімет басшысы Кәрім Мәсімовқа қаратып айтқан сөзінде.
Министр қазіргі уақытта білім ұйымдарының басшыларын тағайындау мәселесі жергілікті атқарушы органдарың құзырында екендігін еске сала кетті. Соның салдарынан «аттестациялау шаралары көбінесе немқұрайды түрде өтіп, басшы ретінде біліктілігі төмен мамандар тағайындалып жатады». «Министрлік мектеп директорларының біліксіздігіне, жекелеген білім ұйымдарындағы моральдық-психологиялық ахуалдың осалдығына нараразылық білдірген адамдардың шағымдары мен хаттарын күн сайын дерлік қарауға мәжбүр»,- деді Ж. Түймебаев.
«Аталмыш проблеманы шешу үшін, біздің пікірімізше, білім департаменттерінің директорларын міндетті түрде білім және ғылым министрлігінің келісімімен тағайындау қажет. Сонымен қатар, департаменттер, басқармалар, аймақтардағы білім беру бөлімдерінің басшыларының, мектеп және колледж директорларының аттестациядан өтуіне министрліктің қатысу механизмін әзірлеу қажет»,- деп санайды білім және ғылым министрілігінің басшысы.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті