Баспасөз қызметінің ақпаратына сәйкес, Солтүстік Қазақстан облыстық көлік прокуратурасы «Петропавл халықаралық әуежайы» АҚ-дағы еңбек заңнамасының сақталу жайына жоспардан тыс тексеру жүргізген.
«Тексеру барысында «Қазақстан Республикасындағы еңбек туралы» заңның 76-бабы мен ҚР «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» кодексінің 319-бабын өрескел бұзу оқиғалары анықталды. Бұл азаматтардың атқарған еңбегі үшін сыйақы алу және әлеуметтік жеңілдіктер мен міндетті зейнетақы аударымдарына ие болу жөніндегі конституциялық құқығына қайшы келеді»,- деп хабарлайды баспасөз қызметі.
Бас прокуратураның атап көрсетуінше, «кәсіпорын қызметкерлеріне жалақы берешегі 2006-жылдың қараша айы мен 2007-жылдың наурызы аралығында 7 млн 600 мың теңгеге жеткен».
Солтүстік Қазақстан облыстық көлік прокуратурасының шағымы бойынша Петропавл қалалық сотының шешімімен «Петропавл халықаралық әуежайы» АҚ-ынан берешек толық көлемде өндіріп алынды.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті