«Біз күрделі әрі өрескел хаң бұзушылықтарды анықтаған жоқпыз. Күннің жартысы өткендегі жағдаймен Қарағандыдағы сайлау алғаш басталған сәттегідей тыныш аяқталады деп ойлаймыз», — деді ресейлік байқаушылар тобының жетекшісі Олег Сосковец журналистерге.
«Байқалған заң бұзушылықтар негізінен техникалық сипатта : кейбір сайлау учаскелерінде үгіт материалдарын алуды ұмытып кеткен, бірақ, біздің ескертуімізден кейін олар тез арада алынды», — деді ол.
Сонымен бірге, О. Сосковецтің айтуынша, «күрделі саяси көзқарас қайшылықтары да байқалған жоқ». «Партия өкілдерінің шағым білдірген жалғыз мәселесі — сайлау алдындағы науқанды жүргізуде бәріне бірдей тең мүмкіндіктердің қамтамасыз етілмеуі. Кейбіреулер БАҚ-қа аз қол жеткізген», — деп атап өткен ол «бұл мәселе бойынша біртұтас көзқарас ешқашан болмайтынын» жеткізді.
Ал халықаралық байқаушы — Франция сераторы Эмери де Монтескью де сайлау барысына оң баға берді. «Мен алты учаскеде болдым, біреуіне тіпті сайлау науқаны басталмай тұрып бардым. Мен барлық сайлау учаскелерінің сайлауға жақсы дайындалғандығын атап өткім келеді», -деді ол. «Мен барлық саяси партиялар мен қоғамдық бірлестіктердің байқаушыларына сұрақ қойдым. Бәрі де ереже бойынша өтіп жатқанын айтты», — деді Франция өкілі.
Қарағанды облысында 16.00 сағаттағы жағдаймен 411 мыңнан астам сайлаушы, немесе, жалпы сайлаушылардың (789 мыңның) 52,61% дауыс берді. Сайлаушылардың белсенділігімен Ұлытау ауданы 90,42%-пен алда болса, екінші орында — Ақтоғай ауданы — 89,34%. Қарағанды қаласында сайлаушылардың 31,89%, Теміртауда — 42,31%, Шахтинск қаласында — 60,67% дауыс берді.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті