Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы baq.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Металлургия саласы қара және түсті металлургияны, ферроқорытпа, асыл, сирек және сирек жер металдарын өндіруді, сондай-ақ оларды терең өңдеу арқылы шығарылатын өнім өндірісін біріктіреді. Бұл сала құрылыс, машина жасау, энергетика, көлік және қорғаныс-өнеркәсіп кешенін негізгі материалдармен қамтамасыз етіп, экономиканың тұрақты өсуі мен әртараптандырылуына берік негіз қалайды.
Өнеркәсіп министрлігінің мәліметінше, металлургия өңдеу өнеркәсібі өндірісінің 40 пайыздан астамын құрайды. 2026 жылдың алғашқы жартыжылдығында өңдеу өнеркәсібінің өндіріс көлемі 9,8 пайызға өсіп, 16,2 трлн теңгеге жетті. Осылайша бұл көрсеткіш тау-кен өндіру саласынан асып түсті. Өткен жылдың қорытындысы бойынша да өңдеу өнеркәсібінің экономикадағы үлесі 13 пайызды құраса, тау-кен өндіру саласының үлесі 11,9 пайыз болды.
Металлургия саласы шикізаттық емес экспорттың елеулі бөлігін қамтамасыз етіп, өнеркәсіптік өңірлерде мыңдаған адамды жұмыспен қамтып отыр. Қазіргі таңда Қазақстанда болат, ферроқорытпа, мыс, алюминий, мырыш және өзге де өнім шығаратын 274 кәсіпорын жұмыс істейді. Негізгі өндіріс орындары Қарағанды, Павлодар, Шығыс Қазақстан, Ақтөбе, Қостанай облыстары мен Ұлытау облысында орналасқан.
Тек өткен жылдың өзінде металлургия кәсіпорындары 19 трлн теңгенің өнімін өндірді. Өнеркәсіп өндірісінің индексі 1,2 пайызға, оның ішінде қара металлургияда 4,3 пайызға өсті.
Металлургия саласының басты күші – адам капиталы. Бүгінде бұл кешен кәсіпорындарында 200 мыңнан астам маман еңбек етеді. Олардың білімі, тәжірибесі мен жоғары кәсібилігі саланың тұрақты жұмысын қамтамасыз етіп, өндірістің дамуына және озық технологиялардың енгізілуіне жол ашып отыр.