«Президент екеуіміз газ тасымалдауға қатысты аса қызғылықты жобалар жайлы талқыладық», — деп хабарлады бүгін Болгария Республикасының вице-премьері — сыртқы істер министрі Ивайло Калфин Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен кездесуден кейінгі брифингте.
Атап айтсақ, айрықша маңызды екі газ жобасы — «Nabucco» мен «Южный поток» жайлы талқыладық. «Ресейдің бастамасымен жасалған «Южный поток» — аса маңызды жоба болып табылады, мен президент Назарбаевқа осы жобаға қатысты ақпараттарды бердім. Жоба жаңадан дәйектелу үстінде, сол себепті біз өзара идеялармен алмасып, бұл жобаға атсалысу жөніндегі мүдделерді бағалаудамыз», — деді И. Калфин.
Ол сонымен бірге келіссөздер барысында екі елдің мұнайға қатысты жобалар бойынша да ынтымақтастық орнату мәселелерін талқылағанын жеткізді. Мәселен, Калфиннің айтуынша, «Қазақстан тарапынан Бургас — Александруполис мұнай құбырын тарту жобасы бойынша нақты мүдделілік танытылып отыр».
«Қазақстан — Бургас — Александруполис мұнай құбырымен тасымалданатын мұнайды сатушы негізгі елдердің бірі. Меніңше, бұл жобаны жүзеге асыруға Қазақстанның да атсалысуына толық негіз бар», — деді Болгарияның вице-премьері.
Сонымен бірге, оның айтуынша, президентпен кездесуде Қазақстан мен Болгарияның экономика, туризм және транспорт саласындағы ынтымақтастығына қатысты мәселелер де әңгімеге арқау болған.