Атқару комитетінің ақпараттарына сүйенсек, отырыс барысында шекара мекемелерінің басшылары сыртқы шекарадағы ахуал туралы пікір алмасады. «Осы мәселе аясында Өзбекстанның Ұлттық қауіпсіздік қызметінің мемлекеттік шекараны күзету жөніндегі комитет төрағасының «Өзбекстан Республикасының мемлекеттік шекарасы арқылы Ауғанстан аумағынан лаңкестік құралдары, есірткі заттары және заңсыз мигранттардың енуіне қарсы тұру жөніндегі іс-шаралар туралы» тақырыбындағы баяндамасы жоспарланған»,- деп атап өтті баспасөз қызметіндегілер.
Отырысқа қатысушылар біріккен арнайы шекара іс-шаралары мен жедел-профилактикалық іс-шаралар қорытындысын, Шекара әскерлерінің қолбасшылары кеңесінің 2007 жылғы жұмыс қорытындысын, 2008 жылғы жұмыс жоспарын талқылайды.
Сонымен қатар, құжаттарды қолдан жасауға қарсы тұрудағы ынтымақтастық туралы келісім жобасы, Шекара әскерлерінің қолбасшылары кеңесінің үйлестіру қызметі туралы ереже, Шекара әскерлерінің қолбасшылары кеңесінің автоматтандырылған жедел ақпарат алмасу жүйесін құру жөніндегі жұмыс барысы қаралады.
«Сондай-ақ отырыс барысында үшінші мемлекет азаматын және азаматтығы жоқ тұлғаларды есепке алудың бірыңғай жүйесін құру жөніндегі іс-шаралардың атқарылуы, шекара мекемелері үшін қарулану және арнайы техника жөніндегі бірыңғай мәліметтер қорын құруға қатысты жасалған жұмыстар қарастырылатын болады»,- деп қосты атқару комитетіндегілер.