«28 қыркүйектен бастап Ауылшаруашылығы министрлігі лицензия беруге дайын болады», — деп мәлімдеді А. Күрішбаев. «Біз бүгінде үлкен қарқынмен жұмыс істеп жатырмыз. Астық экспорттаушылар — потенциалдық сатушылардың басым бөлігіне ережелер жолданған. Олар қазір ережелерді зерделеу үстінде және тиісті құжаттар мен анықтамаларды дайындауда. Сөйтіп біз 28 қыркүйектен бастап лицензия бере бастаймыз», — деді ол.
Вице-министр астық экспорттаушыларға лицензия беру тәртібі 9-тамызда күшіне енген «Астық туралы» заңға сәйкес енгізілгенін еске салды. Бұл заңды жүзеге асыру үшін үкіметтің қаулысымен квалификациялық талаптар мен лицензиялық алымдардың ережелері бекітілген, олар 28-қыркүйектен бастап күшіне енеді.
«Бұл қаулы күшіне енгенге дейін , Бас прокуратура берген түсініктемеге сәйкес, ескі тәртіп жұмыс істейді. Кеден комитеті астық экспортына лицензия сұрауға тиіс емес», — деді А. Күрішбаев. Оның айтуынша, Бас прокуратураның тиісті түсініктемесі Кеден комитетіне жолданған.
«Бұл жаңалық астық экспортын әсте тежеуге тиіс емес», — деді ол.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Казахстан Сегодня» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті