«Мерзімін тап басып айту қиын. Біз бұл заңды келесі жылдың наурыз айында қабылдауға тиіспіз», — деді мәжілістің қаржы және бюджет жөніндегі комитетінің төрайымы Гүлжан Қарағұсова «Лаңкестікті қаржыландыру және ақшаны заңдастырып алумен күрес мәселелері бойынша халықаралық ынтымақтастық» тақырыбы бойынша өткен «дөңгелек үстелдің» соңында.
«Дөңгелек үстел» барысында сөйлеген сөзінде ол бұл заң жобасын қабылдаудың шешуші маңызына тоқталды.
«Бұл заңды қабылдау — бізге Еуропа Кеңесінің Парламенттік ассамблеясы ұйымына мүшелікке өту үшін міндетті түрде қойылатын талаптардың бірі», — деп мәлімдеді Г.Қарағұсова.
Депутат «Заңсыз жолмен тапқан пайданы заңдастырып алуға және лаңкестікті қаржыландыруға қарсы тұру жөніндегі» заң жобасын қабылдаудағы осындай негізгі мақсаттармен қатар, құжатты қабылдау республика азаматтарына түгелдей дерлік қатысты болатынын да ескеру керек, деді депутат.
«Бұл заң әрбір жеке тұлға мен кәсіпкерлік қызметтің әрбір субьектісіне қатысты болмақ», — дейді Г.Қарағұсова
«Сонымен бірге, бұл заңмен қаржылық мониторингті енгізіп, ақшаны заңдастырып алуға қарсы қақпандар қою қажет, бір жағынан заңнамамен бұған дейін берілген тұлғаның бостандығы мен құқығына және жеке меншікке қатысты барлық жақтарды қозғауға тура келмек. Екінші жағынан бұл тетіктің тиімділігі қамтамасыз етілуге тиіс», — дейді депутат.
«Заңсыз жолмен тапқан пайданы заңдастырып алуға және лаңкестікті қаржыландыруға қарсы тұру жөніндегі» заң жобасын үкімет жасап, 2005 жылы парламентке енгізген.
Заң жобасы Қазақстанның қаржылық жүйесін заңсыз тапқан пайданы заңдастырып алу мен лаңкестік іс-қызметті қаржыландыру үшін пайдалану мүмкіндігінің алдын алуға құқықтық жағдайлар жасауға бағытталған.
Үкіметтің аталған заң жобасына берген түсініктемесінде атап көрсетілгеніндей, прокуратура органдары жүргізген тексерулер қорытындысы бойынша , «тек 2003 жылы Қазақстанда 602 млрд 452 млн 408 мың теңге қолма-қол ақшаға айналдырылған, оның 61 млрд 800 млн теңгесі заңсыз жолмен қолма-қол ақшаға айналдырылған қаржы болса, соның ішінде 4,7 млрд теңгесі — бюджет қаржысы». «Демек, түспеген салық түрінде заңсыз қаржылық операциялар бойынша мемлекеттік бюджет шеккен тікелей шығындар көлемі 14,5 млрд теңгеге бағаланып отыр», -делінген түсініктемеде.
Заң жобасы қаржылық мониторинг субьектілерінің құқықтары мен міндеттемелерін, заңсыз тапқан пайданы заңдастырып алу мен лаңкестік іс-қызметті қаржыландыруға қарсы тұру жөніндегі уәкілетті органның құқықтары мен міндеттемелерін белгілейді.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Казахстан Сегодня» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті