Баспасөз қызметінің ақпараттарына сүйенсек, Қостанай — Әулиекөл — Сұрған тасжолының 172-ші шақырымында, Қойбағар станциясынан 12 шақырым қашықтықта «Хюндай» микроавтобусы аударылған. Оның ішінде Қырғызстанның 11 азаматы, соның ішінде бір жасар бала болған.
Баспасөз қызметінің хабарлауынша, тізгінге ие бола алмаған жүргізуші жол шетіне шығып кетіп, көлік аударылған. Жүргізушімен қосқанда жеті адам Әулиекөл ауруханасына жеткізілді.
Полицейлердің ақпараттарына сүйенсек, Қырғызстан азаматына тиесілі микроавтобус Екатеринбургке бет алған. Қазақстан Республикасының аумағына кіру заңды, жолаушыладың қолдарында миграциялық карточкалары болған.
Қарасу АІІБ қызметкерлері жол-көлік апаты дерегі бойынша тергеуге дейінгі тексеру жұмыстарын жүргізуде. Алдын ала берілген мәліметке сүйенсек, оқиға болған жерді тексеру нәтижесінде, сонымен қатар куәгерлердің айтуынша жүргізуші тізгінді басқарып отырып ұйықтап кеткен.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Казахстан Сегодня» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті