Бүгін таратылған хабарламада атап көрсетілгеніндей, мұндай уағдаластыққа Қазақстан сыртқы істер министі Марат Тәжиннің Қазақстан мен Қырғызстан сыртқы істер министрлері кеңесінің бірінші отырысына қатысу аясында Бішкекке жасаған ресми сапарының бірінші күні қол жеткізілді.
«Қазақстандық министр келесі жылдан бастап Қазақстанда Қырғызстан Республикасы елшілікттерінің жанында сауда өкілдіктерін ресми түрде аккредитациялау туралы мәмілеге қол жеткізілгенін хабарлады» — делінген мәтінде.
Осыған байланысты М.Тәжин екі жақты ынтымақтастықты дамытудың оң динамикасын атап өтті. «Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы тауар айнылымы биыл шамамен 21%-ға өсті, бұл екі елдің сауда-экономикалық ынтымақтастығының оң қарқынын паш ететін көрсеткіш», — деді Қазақстан сыртқы істер министрі.
Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, кеше Бішкекте Қазақстан мен Қырғызстан сыртқы істер министрлері кеңесінің бірінші отырысы өтті.
Сыртқы істер министрлерінің кеңесі екі елдің Жоғары мемлекетаралық кеңесінің үйлестіруші органы болып табылады. Ол ағымдағы жылғы сәуір айында президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Қырғызстанға ресми сапары барысында құрылған.
Баспасөз қызметінің хабарлағанындай, Қазақстан жағынан отырысқа Бішкекке ресми сапармен барған ҚР СІМ Марат Тәжин қатысты.
«Отырыстың күн тәртібіне сәйкес, дипломаттар саяси, сауда-экономикалық, энергетика, мәдени-гуманитарлық салалар мен көші-қон саясаты мәселелрі бойынша екі жақты ынтымақтастық мәселелерін талқылады», -делінген ҚР СІМ баспасөз қызметінің хабарламасында.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Казахстан Сегодня» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті