2008 жылы барлық теміржол қызметін көрсету түрлерінің тарифтері өседі - ҚТЖ басшысы - kaz.caravan.kz
  • $ 470.17
  • 547.47
+21 °C
Алматы
2026 Жыл
16 Мамыр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
2008 жылы барлық теміржол қызметін көрсету түрлерінің тарифтері өседі - ҚТЖ басшысы

2008 жылы барлық теміржол қызметін көрсету түрлерінің тарифтері өседі - ҚТЖ басшысы

Астана. 15-қараша. "Қазақстан Бүгін" - Келесі жылы барлық теміржол қызметін көрсету түрлерінің тарифтері өседі. Бұл туралы бүгін Транспорт және коммуникация министрлігінің алқа отырысынан кейін өткен брифингте "Қазақстан темір жолы" ұлттық компаниясының президенті Жақсыбек Құлекеев мәлім етті, деп хабарлайды "Қазақстан Бүгін" агенттігінің тілшісі.

  • 15 Қараша 2007
  • 534
Фото - Caravan.kz

«Келесі жылы барлық темір жол қызметін көрсету түрлерінің тарифтері өседі»,- деп хабардар етті Ж. Құлекеев. «Мен бүгінде тарифтердің қаншалықты өсетіндігі туралы айта алмаймын, себебі біз әлі монополияға қарсы комитетке өтініш берген жоқпыз»,- деді Қазақстан темір жолының басшысы. Оның айтуынша, өтінішті әзірлеп, үстіміздегі жылдың 1-желтоқсанына дейін Табиғи монополияны реттеу жөніндегі агенттікке беру жоспарлануда. «Осыдан кейін реттеуші орган оны қарап, соңғы шешімді қабылдайды»,- деп мәлім етті Ж. Құлекеев.

Оның пайымдауынша, төмен тарифтер еліміздің темір жолын дамыту мен модернизациялауға мүмкіндік бермейді. Сонымен қатар ҚТЖ басшысы, «тарифтерді белгілеудің бүгінгі күндегі әдістемесі халықаралық стандарттарға сай емес» екендігін атап көрсетті.

Ол сондай-ақ, қазіргі уақытта «компанияның шығындарын толық субсидиялау» мәселесін шешу қажет деп атап көрсетті. «Бізде жылжымалы құрамның жетіспеушілігі байқалады, атап айтқанда локомотивтер, жүк және жолаушылар вагондары жетіспейді. Ал біздің қазіргі қолымыздағылар өте ескірген»,- деп атап өтті Ж. Құлеекев. «Сондықтан да компания жолаушылар тасымалдаудағы ішкі мұқтаждығын өз күшімен ешқашан шеше алмайды»,- деп қосты ол.

«Бүгінде біз жолаушылар тасымалдау қызметіне 9 млрд АҚШ долларынан астам субсидия аламыз, ал біздің сұранысымыз — 24 млрд АҚШ долларынан асып түседі, яғни шығындарымыз 24 млрд АҚШ долларын құрайды»,- деді мекеме басшысы. «Сондықтан да келешекте бұл мәселені шешпесек, онда компания айтарлықтай шығынға ұшырайды, себебі біз осы күнге дейін жолаушылар тасымалын екі жақты субсидиялауға жол беріп отырмыз»,- деді ол.

Ж. Құлекеев журналистердің сұрақтарына жауап бере отырып, тарифтердің өсу көлемі «үкіметтің «Қазақстан темір жолының» жолаушылар тасымалына қатысты іс-қызметін қалай қолдайтындығына байланысты болады»,- деп атап көрсетті. «Біз қазір билет бағаларының өсу көлемін алып отырған субсидия көлемімен байланыстырып отырмыз»,- деп қорытындылады.


Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Казахстан Сегодня» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті