Баспасөз қызметінің ақпаратына сүйенсек, демалушыларды сақтандырудың жаңа жүйесі бүкіл тау шаңғысы маусымында жұмыс істейтін болады. 2007 жылдың 15-қарашасынан 2008 жылдың 1-сәуіріне дейін аспалы жолға кез келген номиналдағы (бір реткі, бір күндік, маусымдық) билет сатып алған курорттың әрбір демалушысына еңістегі оқыс оқиғадан сақтандыру ұсынылады.
«Сақтандыру төлемінің ең жоғарғы сомасы 500 мың теңге және шығындарды өтеу қарастырылған жарақаттар тізімі 97 бөлімнен тұрады. Бұл тізімге жоғары көтеріліп келе жатқанда немесе тау шаңғысы жолында жаттыққан шаңғышымен және тау шаңғысын алғаш үйреніп жүрген әуесқойлармен болуы мүмкін барлық дерлік оқыс оқиғалар қамтылады», — деп көрсетілген хабарламада.
Шымбұлақтағы және өзге де халықаралық курорттардағы мониторинг мәліметтерін пайдалана отырып жағдайға сараптама жасалды.
«Біздің басты мақсатымыз -тау шаңғысы спортының әуесқойлары үшін Шымбұлақтағы демалысты неғұрлым қауіпсіз және ыңғайлы қылу», — деді Capital Partners-тің басқарма директоры Славенко Бадура.
«Осы мақсатта туристер толық құрамда демалу үшін сырғанау және қызмет көрсету талаптарын толығымен жақсарту қарастырылып отыр. Курортты жөндеуден өткізу және Азия ойындарына дайындық аясында шаралар кешені қарастырылған. Олардың алғашқылары орындалып та қойды. Биылғы жылы қазіргі еңістің қоры есебінен сырғанау аймағы 2 шақырымға ұзартылды. Келер жылы біз еңістерді бұдан әрі кеңейтіп, жаңа еңістер салуды жоспарлап отырмыз. Бұл шаралар да сапа стандартын біршама жоғарылатуға және демалушылардың қауіпсіздігін күшейтуге мүмкіндік береді. Біз бұл жерде Алатау кез келген күтпеген жағдайларды жасырып жатуы мүмкін екендігін ұмытпаймыз. Сондықтан дүниежүзілік деңгейдегі тау шаңғылық курорттардың барлығы демалушыларды сақтандырудың сенімді жүйесін қарастырады. Бұл жерде атап өтер тағы бір жайт, Қазақстанда осы секілді жүйе жоқ», — деп түсіндірді ол.
Жаңа қызметтің пайда болуы «Шымбұлақ» курортындағы демалу бағасына әсерін тигізбейді. Сақтандыру тәуекелін жабудың барлық шығындарын Capital Partners көтереді.
«Capital Partners» компаниясы тек Шымбұлақты жөндеуден өткізу бойынша өз міндеттемесін ғана орындап отырған жоқ. Сонымен қатар, тау шаңғысының әуесқойларының әлеуметтік жауапкершілігін де өз мойнына алып отыр. Енгізілген сақтандыру жүйесі оқыс жағдайлар туындаған кезде сапалы медициналық көмек алуға қосымша кепілдік береді. Біз тау шаңғысы спортының әуесқойларының демалысымен осындай деңгейде айналысуды бұрыннан армандаған болатынбыз», — деп мәлімдеді «Шымбұлақ» ЖШС-нің техникалық директоры Владимир Юн.
«Егер курорт демалушысы жарақат алса, курорттың медициналық қызметі алғашқы көмек көрсетеді және әріқарай емдеу үшін ауруханаға апарады. Ал осыған байланысты барлық шығындарды кейіннен сақтандыру компаниясынан өндіріп алады. Билет және курорттың медициналық қызметі мен емдеу мекемесі жасаған тиісті медициналық қорытынды сақтандыру компаниясынан ақшалай өтемақы алудың негізгі құжаттары болып табылады», — деп көрсетілген хабарламада.
Баспасөз қызметінің мәліметтеріне сүйенсек, осы жобада «Capital Partners» компаниясының серіктесі Қазақстанның ең жылдам дамып келе жатқан сақтандыру компанияларының бірі «NOMAD Insurance» болып табылады.
«Медеу — Шымбұлақ» тау курортын қайта жөндеу және салу жобасы «Қазақстанның 30 корпоративтік көшбасшысы» мемлекеттік бағдарламасына енген үздік жобалардың қатарынан орын алды. Оны жүзеге асырудың арқасында Қазақстанның туристік саласы жоспарлы сатылап даму үшін қуатты серпіліске ие болмақ. Ал Алматы қаласы үздік халықаралық қысқы демалыс орталықтарының біріне айналады.
«Capital Partners» компаниясының еншілес компаниясы «Медеу Девелопмент» Медеу мен Шымбұлақты салу мен қайта жөндеудің бас мердігері болып табылады. Ол компания жұмысқа аталмыш салада көптеген жылғы жұмыс тәжірибесі бар беделді ірі шетелдік фирмаларды тартқан. Курортты дамыту бағдарламасына шаңғы жолдарын кеңейту және сақтандыру жүйесін енгізуден басқа жасанды қар өндіретін құралды орнату, курорттың медициналық қызметін жаңарту және оның жұмыс істеп тұруы үшін қосымша құрал-жабдықтар әкелу кіреді. Қазіргі уақытта көлік тұрағын және Медеуге баратын аспалы жол салу жұмыстары жүргізіліп жатыр. ISIA халықаралық мектебінің талаптарына сай Шымбұлақта тау шаңғысы және сноуборд мектебін салу жоспарланып отыр. 2011 жылғы қысқы Азия ойындарына дейін барлық спорттық жолдар FIS (уақытты өлшеу жүйелері, қорғаныс торлары, ақпараттық табло және т.б.) шаңғы спорты түрлерінің халықаралық федерациясының қазіргі уақыттағы стандарттарына сай жабдықталатын болады. Қысқы курортты дамытудың кешенді бағдарламасы бірнеше жылға арналған және дүниежүзінің үздік стандарттарына сай бірқатар басқа да шараларды қамтиды.
«Capital Partners» компаниясы 1996 жылы құрылған. Қазіргі күні әлемнің жаңа қарқынды дамыған нарығында жылжымайтын мүлік саласындағы жобаларды дайындау және жүзеге асыруға маманданған Қазақстандағы жетекші даму компаниясы болып табылады. Компанияның Алматы, Мәскеу, Стамбул, Киев қалаларында өз өкілдіктері бар. 2001 жылы «Capital Partners» компаниясы шетелдегі жылжымайтын мүлік бизнесіне инвестиция құйған алғашқы қазақстандық компания болды. Оның басты артықшылығы әрбір жобаға инновациялық көзбен қарау, шаблондардан бас тарту және оның дамуы үшін үздік шетелдік серіктестерді тарту болып табылады.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Казахстан Сегодня» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті