«Әзербайжандағы сайлау демократиялық сипатта өтеді. Бұған ешкім күмәнданбай-ақ қойсын. Біз бұл сайлауда үміткер ретінде әртүрлі күштердің өкілдері қатысқанын қалаймыз. Алайда, Әзербайжан президентінің беделі өте жоғары деп санаймыз және оның қайта сайланатынына күмән жоқ», — деді Р. Мехтиев.
Ол сондай-ақ, билеуші «Ени Әзербайжан» (Жаңа Әзербайжан) партиясының президент сайлауына дайындық барысына қанағаттанатынын білдірді.
«Әзербайжан билігі президент сайлауының демократиялық жағдайда өткенін қалайды. Біз мемлекет басшысына үміткерлікке тағы да Ильхам Алиевті ұсынамыз», — деді Р. Мехтиев.
Естеріңізге сала кетейік, Әзербайжанда 2005 жылдың қараша айында өткен парламент сайлауын ТМД елдерінің бақылаушылары сайлау заңнамасының нормаларына сай келетіндігін және демократиялық сипатта өткізілгендігін мойындаған болатын. Ал ЕҚЫҰ бақылаушылары болса, сол сайлауды «халықаралық стандарттарға сәйкес емес» деп таныған болатын.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Казахстан Сегодня» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті