«Өрт сөндіру деполары тапшы. Облыс орталығына кемінде 11 өрт сөндіру депосы қажет болса, оның 3-і ғана бар. Жалпы облыс бойынша 25 өрт сөндіру бөлімшелері қажет болса, оның 11-і ғана жұмыс істейді. Облыс орталығында гидранттар жетіспейді, барларының жартысынан көбі жарамсыз», — деді облыстық өртке қарсы қызметі департаментінің бастығы Сейітжан Дүйсекенов.
Оның сөздері бойынша, биылғы жылдың 11 айында 518 өрт тіркелсе, былтыр 485 оқиға тіркелген. Өрт көздері көбінесе Атырауда тіркеліп, 309-ға жетті. Сондай-ақ, өрт оқиғалары Індерлі, Исатай, Жылыой аудандарында шығып, келген шығын көлемі 80 млн теңгеден асты.
С. Дүйсекенов атап өткеніндей, соңғы уақытта дәмханалар, дүкендер, мейманханалар мен моншалар тілсіз жаудың жалмауына жиі ұшырайды. Биыл өртке байланысты болған тосын оқиғалар шағын кәсіпкерлік нысандарында да өршіп, 47 тіркелді. (2006 жылы — 45). 13 адам өрттің құрбаны болып, оның 6 кәсіпкерлік нысандарында қаза болған.
«Осы уақытқа дейін, көптеген кәсіпорындарында өртке қарсы жүйенің орнатылмайтыны, өртті ауыздықтайтын құрал -жабдықтардың жоқтығы шешілмей келе жатыр. Сондай-ақ, ағаштан тұрғызылған нысандар дер кезінде өрттен сақтайтын қоспалармен өңделмейді. Кәсіпкерлік нысандарының сыртында өртті сөндіруге арналған сужүйелері қосылмаған. Биыл өртке қарсы тәртіптерді орындамаған 1300 адамға айыппұл салынып, әкімшілік жаза қолданылды», — деді С. Дүйсекенов.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Казахстан Сегодня» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті