Баспасөз қызметінің хабарламасына сүйенсек, 28-қараша күні Қырғызстан президенті Құрманбек Бакиев «Қырғыз Республикасының үкіметі туралы» конституциялық заңның 14-бабына сәйкес, Қырғызстан Республикасы бірінші вице-премьерінің міндетін атқарушы И. Айдаралиевке уақытша республика премьер-министрінің міндетін атқару жүктелген жарлыққа қол қойды.
Сондай-ақ, кеше үкімет үйінде премьер-министр Алмазбек Атамбаевтың отставкаға кетуіне орай салтанатты рәсім болып өтті. «Қырғызстан президенті оның жұмысына жоғары баға берді және республиканың әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлесі үшін «Данакер» орденімен марапаттады», — деп хабарлады баспасөз қызметі.
Өз сөзінде Қ. Бакиев «А. Атамбаев қысқа демалыстан кейін мемлекеттік қызметке қайтып оралар дегенге үміт бар», -деді.
Естеріңізге сала кетсек, жоғарыдағы лауазымға бірінші вице-премьердің міндетін атқарушы И. Айдаралиев 27-қараша күні тағайындалған. Ол бұдан бұрын Талас облысының мемлекеттік әкімшілігін басқарып тұрған және Ыстықкөл облысының әкімшілігіндегі жауапты қызметтерде жұмыс істеген.
И. Айдаралиев Қырғызстанның Жалал-Абад облысының Шатқал ауданының Жаңа базар ауылында 1955 жылы 13-қарашада дүниеге келген. Үйленген, бір ұлы және екі қызы бар.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Казахстан Сегодня» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті