«Ауа-райының өзгеруі ХХІ ғасырдың ең өткір мәселелерінің біріне айналды және ол адамзат дамуы үшін қатерлі болып табылады. Ол уақыт өте келе дамушы елдердегі кедейлік деңгейінің және экологиялық босқындар ағынының өсуіне басты себепке айналуы мүмкін. Мұның барлығы жердің және ауыз судың жетіспеушілігінен, құрғақшылық қаупінің өсуінен, шөл басудан, тасқындар мен күшті желдердің болуынан және адамның мүмкіндіктерін жоятын жалпы экологиялық дағдарыс себебінен болуы мүмкін», — деп көрсетілген БҰҰ Даму бағдарламасының ақпаратында.
БҰҰ Даму бағдарламасының баспасөз баянында көрсетілгендей, Қазақстанда ауа-райының жаһандық өзгерістері кең көлемде талқыланбайды және жалпылай алғанда ауа-райының жаһандық өзгерістері оған зиянды дегеннен гөрі пайдалы деген пікір қалыптасқан. Мұндай тұжырым осы мәселе туралы біржақты, тек ауа-райының жылынуы тұрғысынан ғана ақпарат берілуге байланысты қалыптасып отыр. Мұндай ақпараттан тыс қалушылық жергілікті жермен қатар, жаһандық деңгейде де қоршаған ортаны қорғау жағдайына өз таңбасын қалдырары анық.
Ауа-райының өзгеруі — бұл тек жылыну ғана емес. Кейбір жағдайларда бұл орташа жылдық температураның айтарлықтай өзгеруі болып табылады. Ол елді мекендердің инфрақұрылымының жұмыс істеуіне, егін түсіміне, жаңа, белгісіз аурулардың пайда болуына ықпал етеді. Мұндай өзгеріс адамдардың денсаулығына да, шаруашылық жүргізуіне де, әсіресе, ауа-райы қатал жерлерде жұмыс істеуіне өз әсерін тигізері анық, деп көрсетілген баспасөз баянында.
2008 жылдың сәуір-мамыр айларында шығатын Қазақстандағы адамзат дамуы туралы ұлттық есеп, сондай-ақ, ауа-райының өзгеруі және оның мемлекеттің даму процессіне тигізетін әсері туралы мәселеге арналады. Ол нақты Қазақстан Республикасына арналған Адамзат дамуы туралы баяндамаға қосымша болып жалғанады.
Бұдан бұрын хабарлағанымыздай, 2007/2008 жылдарға арналған жаһандық Адамзат дамуы туралы баяндама мәліметтеріне сәйкес, Исландия, Норвегия және Австралия көшбасшылар қатарында. Қазақстан 73-ші орында (адами әлеуеттің даму индексі — 0,794) және адами әлеуетінің даму деңгейі орташа елдер тобына жатқызылады. Жанында Доминика және Сент-Люсия (сәйкесінше 71-ші және 72-ші орындар), сондай-ақ, Венесуэла, Колумбия және Украина (74, 75 және 76-шы орындарда) елдері орналасқан. 2006 жылғы жаһандық Баяндамада Қазақстан 79 орында болған (адами әлеуетінің даму индексі — 0,794). Сонымен қатар, адами әлеуеті орташа дамыған елдердің арасында Қазақстан алдыңғы үштікке кіретінін айта кеткен дұрыс.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Казахстан Сегодня» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті