ТМД елдерінің Парламентаралық ассамблеясының бақылаушылары Ресей Мемлекеттік думасына сайлау барысында айтарлықтай заң бұзушылықтарды анықтаған жоқ - kaz.caravan.kz
  • $ 470.17
  • 547.47
+24 °C
Алматы
2026 Жыл
17 Мамыр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
ТМД елдерінің Парламентаралық ассамблеясының бақылаушылары Ресей Мемлекеттік думасына сайлау барысында айтарлықтай заң бұзушылықтарды анықтаған жоқ

ТМД елдерінің Парламентаралық ассамблеясының бақылаушылары Ресей Мемлекеттік думасына сайлау барысында айтарлықтай заң бұзушылықтарды анықтаған жоқ

Астана. 5-желтоқсан. "Қазақстан Бүгін" - Мәскеуде Мемлекеттік думаға сайлау қорытындысы бойынша баспасөз мәслихаты болып өтті. Оны ТМД елдерінің Парламентаралық ассамблеясының бір топ бақылаушылары өткізді, деп хабарлайды "Қазақстан Бүгін" агенттігінің тілшісі Қазақстан Республикасы парламенті мәжілісінің баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып.

  • 5 Желтоқсан 2007
  • 920
Фото - Caravan.kz

Баспасөз қызметінің хабарлауынша, «Мәскеуде «Нұр Отан» Халықтық демократиялық партиясының төрағасының бірінші орынбасары, мәжіліс төрағасының орынбасары Бақытжан Жұмағұлов жетекшілік еткен ТМД Парламентаралық ассамблеясының тобы Мемлекеттік думаға сайлау қорытындысы бойынша баспасөз мәслихатын өткізген».

Б. Жұмағұловтың айтуынша, бақылаушыларда қатаң ескертулер болған жоқ, сайлау ашық және еркін өтті. «Біздің миссиямыз объективті және транспарентті болды. Жалпы алғанда сайлау тыныш жағдайда өтті», — деп атап көрсетті ол.

«Нұр Отан» халықтық демократиялық партиясының төрағасының бірінші орынбасары атап көрсеткендей, миссия өз міндетін орындаған. «Біз ешқандай алдын-ала келісімсіз, екі жақты стандарттарсыз жұмыс істедік. Біз өз көзімізбен көрген және сайлаушылардан естігенімізді ғана бақыладық, жаздық және айттық», — деп мәлімдеді Б. Жұмағұлов баспасөз мәслихатында.

Қорытындылай келе, ТМД Парламентаралық ассамблеясының бақылаушылар миссиясының жетекшісі Б. Жұмағұлов: «Менің байқауымша, Қазақстандағы секілді Ресейде де партиялық жүйе басты факторға айналуда. Ал партияның саяси күш-қуаты артуда. Мемлекеттік дума сайлауы барысында Ресейдің сайлау жүйесі өзінің кемелденгенін дәлелдеді, ал, дауыс беруге қатысқан сайлаушылар үлесінің жоғары болуы (60 пайыздан астам) мемлекеттің азаматтық қоғамының жаңа деңгейге көтерілгенін көрсетіп берді», — деді. Қорытындылай келе Б. Жұмағұлов Ресей тілшілерінің жұмысын ерекше атап өтті. Оның айтуынша, БАҚ өкілдері барлық партиялардың жұмысымен таныстырған, әрбір сайлауға қатысушының қызметінің айқын бейнесін көрсеткен және аталмыш жұмыстардың нәтижесінде қарапайым сайлаушылар өз таңдауын жасаған.

Екінші желтоқсан күні Ресейдегі сайлау барысын шамамен 400 халықаралық бақылаушы, оның ішінде ТМД Парламентаралық ассамблеясының бақылаушылары қадағалады. ТМД Парламентаралық ассамблеясының бақылаушыларының құрамына 49 адам кірді. Олар Ресей Федерациясының 35 субъектісінде өз жұмыстарын жүргізді. Ресейдің Мемлекеттік думасына сайлау күні олар Мәскеу, Санкт-Петербург қалаларындағы, Мәскеу, Ленинград, Псков, Орынбор (Оренбург), Курган , Астрахань, Омбы (Омск) облыстарындағы және Дағыстандағы 300-ден астам сайлау учаскелеріне барған.

Сондай-ақ Бақытжан Жұмағұлов Мәскеуде сайлаушылармен федералдық «Шұғыл байланыс желісіне» қатысты. Ол Ресейдің кейбір аймақтарындағы сайлау барысын қадағалауға мүмкіндік тудырды.

Қорытынды баспасөз мәслихаты барысында Бақытжан Жұмағұлов, сайлаудан кейін Қазақстан мен Ресей қатынастары жаңа даму ағысына түседі, деп атап өтті. «Ресейдің ұтқанынан біз бәріміз де ұтамыз», — деп сөзін аяқтады.

Ресей Федерациясының 11 субъектісіндегі Мемлекеттік думаға сайлау барысы туралы ТМД Парламентаралық ассамблеясының бақылаушылар тобының әртүрлі елдерден 49 парламент депутаты қол қойған алдын-ала есебін ТМД Парламентаралық ассамблеясы миссиясының жетекшісі Бақытжан Жұмағұлов Мемлекеттік дума төрағасы Борис Грызловқа табыс етті.

Ресей Мемлекеттік думасының төрағасы өз кезегінде миссияға «сайлау кезіндегі шұғыл және кәсіби жұмысы үшін» алғысын білдірді.

Миссияның қорытынды есебі 17-желтоқсанға дейін жариялануы тиіс сайлаудың ресми қорытындысы шыққаннан кейін ғана ұсынылатын болады.


Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Казахстан Сегодня» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті