«Осы оқиғадан кейін ІІД-нің гарнизоны күшейтілген жұмыс тәртібіне көшті. Қашқан кезде ағалы-інілі қылмыскерлердің бірі аяғын сындырып алған және облыс аумағынан шығып үлгерген жоқ деген шұғыл ақпарат келіп түсті. Тәртіп сақшылары қашқындардың баруы мүмкін барлық жерлері мен көмек сұрап баруы мүмкін барлық байланыстарын бақылауға алды. Сонымен біруақытта олардың туыс-туғандарымен күшейтілген келіссөздер жүргізілді. Осындай қысымға байланысты Е. Қырықбаев тәртіп сақшыларына түсіп беруге мәжбүр болды, оны туыстарының қылмыстық істеріне қатысы жоқ бір ағасы әкеліп берді. Е. Қырықбаевқа дәрігерлік көмек көрсетіліп, ол СИ-13 тергеу абақтысына қамалды. Ал Қайрат Қырықбаевты іздестіру жұмыстары жүргізіліп жатыр», — деді ақпарат көзі.
Оның айтуынша, ағалы-інілі Қырықбаевтар кісі өлтіру қылмыстары үшін ұзақ мерзімге бас бостандықтарынан айрылған. Үкім күшіне енгеннен екі аптадан кейін олар тергеу абақтысында отырған, олар 30 желтоқсанға қараған түні сол жерден қашып кетті. Тергеу абақтысы қызметкерлерімен ауыз жаласу арқылы олар абақтыда бірге отырған сыбайластарымен бірге түрменің шатырына шығуға мүмкіндік алған, сол жерде әлгілерге арнап қабырғадан жасалған қуыс арқылы бес метрлік биіктіктен секіріп кеткен. Қашу оқиғасы кезінде Қырықбаевтармен бірге бір камерада отырған, «Валют-Транзит банк» инкассаторларын өлтіргені үшін сотталған Марат Әбдуәлі омыртқасынан жарақаттанып, қаша алмай қалған.
Әзірге расталмаған ақпаратқа сәйкес, қашу оқиғасына көмек көрсеткені және немқұрайдылығы үшін тергеу абақтысының он қызметкеріне айып тағылған, олардың екеуі ұсталған.
Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, осы жылдың 2 қазанында кісі өлтіргені үшін 18 жылға сотталған «Қырықбаевтар» атты қылмыстық топтың жетекшісі Ерғали Қырықбаев бұдан бұрын да қамаудан қашқан, бірақ қайта ұсталып, тергеу абақтысына қамалған еді.
«Сол күні СИ-13 тергеу абақтысына тоңазытқыштар алып келген. Жүктер «Мерседес-Бенц» маркалы шағын автобусымен жеткізілді. Біраз уақыттан кейін жүк көлігі мекеме аумағынан шықты. Ерғали Қырықбаев сол көліктің астына тығылып, тергеу абақтысының аумағынан қашып шыққан», -деді ақпарат көзі.
Кейін белгілі болғанындай, тұтқын отырған №5 камераның есігін прапорщик Русланбек Нурфазилов ашқан. Жүк көлігін өткізу пункті арқылы кедергісіз өткізген режим және күзет бөлімінің бақылаушысы, аға сержант Тұрар Жартыбаев болып шықты. «Ал тергеу абақтысы бастығының кезекші көмекшісі, аға лейтенант Жандос Аманжолов қашу оқиғасы туралы біле тұра дабыл қақпаған және өзі жасырын жолмен қашқынды шығарып жіберген», деді ақпарат көзі.
Құқық қорғау органы қызметкерлерінің айтуынша, осы үш адамның үстінен Жамбыл облыстық ҰҚКД қылмыстық іс қозғады. Жартыбаевқа қызмет бабы бойынша әрекетсіздік, Нурфазилов пен Аманжоловқа лауазымдық құзырын асыра пайдалану жөнінде айып тағылған. Екі офицер де қамауға алынып, сол СИ-13 тергеу абақтысына тоғытылды.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Казахстан Сегодня» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті