«Бюджетке айтарлықтай шығын әкеліп, ауыр зардаптарға ұрындырған заң бұзушылық деректерінің қатарында мынадай деректерді атауға болады. Біз «Шүлбі Су электр станциясы» АҚ акцияларының мемлекеттік қоржынына (90%) бірқатар жылдардағы жұмыс қорытындысы бойынша қаржылық шығынмен жұмыс істеуге байланысты дивидендтер есептелмегенін анықтадық», — деді төраға.
«Оған АҚШ-тың AES «Сантри Пауэрс Лимитед» компаниясының су электр станциясын дамыту бойынша инвестициялық бағдарлама шарттарына бағынбауы себеп болған». «Концессиялық келісімнің шартарына сәйкес, негізгі капиталға 420 млн доллар жұмсау қарастырылған. Ал із жүзінде $89 млн инвестиция жұмсалған, соның ішінде шетелдік инвестиция небәрі 9,1 млн долларды құрайды. Біз үкіметке мұндай инвестормен арадағы келісім-шартын бұзуға нұсқау бердік», — деді Есеп комитетінің төрағасы.
Сонымен бірге, 2003 жылдан бері Семей қаласындағы ағызынды суларды биологиялық тазарту станцияларының құрылысына 1,4 млрд теңге мақсатты трансферт жұмсалғаны анықталған. «Алайда оның құрылысы бүгінгі күнге дейін аяқталмаған, ал өткен жылы құрылысты аяқтауға бөлінген 504 млн теңге негізсіз жұмсалған, бұл орайда мердігердің жұмыс құнының қымбаттағандығы алға тартылған», — деді О. Өксікбаев.
Есеп комитетінің қорытындысына сәйкес, Алматы қаласы мен Алматы облысының бюджетіне денсаулық сақтау және білім беру нысандарын сейсмологиялық тұрғыдан күшейтуге 2006 жылы және өткен жылдың 9 айында бөлінген республикалық бюджеттің трансферттері тиімсіз пайдаланылған. «Бұл жерде сейсмологиялық күшейту жұмыстарының құны жаңа нысан салуға жұмсалатын қаржымен парапар келу деректері тіркелген», — деді О. Өксікбаев.
Бұған қоса, баға нормативтерінің жоқтығын көлденең тартқан жекелеген администраторлар құрал-жабдықты аса қымбат бағаға сатып алған. «Мәселен, Шығыс Қазақстан облысында құны 1 млн евро тұратын радиологиялық жабдық делдалдар арқылы 2,5 млн евроға сатып алынған», — деді төраға.
«Мемлекттік сектордағы осындай қаржылық тәртіп деңгейінің төмендігінің бір себебі бюджет заңнамасының жетілдірілмеуіне байланысты. Есеп комитеті бір жылда Бюджеттік кодекстің жекелеген нормаларын өзгертуге бірқатар ұсыныстар енгізді», — деді ол.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Казахстан Сегодня» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті