Әртүрлі ақпарат көздеріне сүйенсек, алаңдағы қозғалыс екі күн мен екі ай аралығында жабылады. Атап айтқанда, Сәтбаев және Фурманов көшелерінің қиылысында жолды жауып тұрған жол полициясы қызметкерлері хабарлағандай, олар осы жердегі жолды жабу туралы өз басшыларынан бұйрық алған. Алаң екі айға жабылады.
Сол уақытта алаңда көптеген комиссия мүшелері жұмыс істеген. Олардың қатарында, әкімшілік, «Базис-А» компаниясының, қалалық төтенше жағдайлар, ІІД өкілдері, жобалаушылар, мамандар болған.
Алматы қалалық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Бауыржан Ысқақов хабарлағандай, алаң шашамен алғанда он күнге жабылады. Оның айтуынша, «ешқандай қауіп төніп тұрған жоқ. Алайда, асфальтты нығайту қажет».
Бұл сызаттар бірнеше күн бұрын пайда болса да, бұнымен неліктен енді ғана айналыса бастады деген сұраққа комиссия мүшелерінің бірі: «сызаттар ұлғайып бара жатыр. Сондықтан асфальтты нығайту жөнінде шешім қабылданды», — деп жауап берді.
Алайда комиссия жұмысына жетекшілік еткен Алматы әкімінің құрылыс мәселелерін жауаптанған орынбасары Қанат Сұлтанбеков агенттік тілшісіне аталмыш оқиғаны мүлдем басқаша сипаттады. «Құрылыс объектісінің жоспарлы тексерісі өтіп жатыр», — деп мәлімдеді ол.
Сонымен бірге, «алаңның жабылуы асфальтта пайда болған сызаттарға байланысты ма?», деген тілші сауалына ол: «байланыссыз», деп жауап берді. Оның айтуынша, алаң бірнеше күнге ғана жабылады. «Сызат мәселесі күн тәртібіне қойылмаған».
Естеріңізге сала кетсек, кең ауқымда жарнамаланған «Алмалы» сауда орталығы салынардан бұрын «Базис А» компаниясы алаңның үстіндегі қозғалысты тоқтатпайтындары жөнінде кепілдеме берген болатын.
Бұрын хабарлағанымыздай, қала әкімі Иманғали Тасмағамбетов пен «Базис А» құрылыс компаниясының президенті Александр Белович бірге мәлімдеген жобада Республика алаңының астынан «Алмалы» ойын-сауық орталығын салу көзделген.
Қоғамдық орталық Фурманов көшесінен Желтоқсан даңғылына дейін Сәтпаев көшесінің бойында орналасады. Аумағы шамамен 100 мың шаршы метрді құрайды. Үш деңгейлі кешеннің тереңдігі — 14-20 метр. Жер асты орталығында кинотеатрлар, балалар алаңы мен аттракциондар, бильярд клубы мен боулинг орталығы, мейрамханалар мен кафелер желісі, дүкендер, бутиктер, мұз айдыны, интернет-кафе, түнгі би клубтары орналасады. Жер астында шамамен 1000 көлік қоятын 3 деңгейлі жер асты паркингін құру жоспарланған, деп көрсетілген компанияның баспасөз баянында.
«Базис А» корпорациясының директорлар кеңесінің төрағасы А. Беловичтің пайымдауынша, құрылыс топырақ пен құрылыс материалдарының айтарлықтай мөлшерін және көлік пен өзге де ауыр техниканың қозғалыс салмағын көтере алады.
Естеріңізге сала кетсек, алаң астынан орталық салуға Қазақстанның ұлттық-демократиялық күштерініңі өкілдері қарсы болған еді. Олар бұл құрылыс алаңның 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасына байланысты тарихи рөліне сай емес деген болатын. «Бұл тек пайда қуу ғана емес, Желтоқсан оқиғасы туралы жәдігерді жою ниеті болып табылады», — деп мәлімдеген еді өткен жылдың қаңтар айында қоғам қайраткері Жасарал Қуанышәлин.
Ал Алматы қаласының әкімі И. Тасмағанбетов «Алмалы» орталығын салуды қолдады. «Республика алаңының астынан көп функциялық кешеннің салынуына келер болсақ, мен бірқатар алматылықтардың бұл құрылыстың жөнсіз салынуы жайындағы пікірлерімен таныспын. Мен бұл оймен мүлде келіспеймін. Себебі — алаң дегеніміз мазар немесе мұражай емес, ол өзінің белгілі бір функциясын атқарады», — деген И. Тасмағамбетов. «Біз алаңдар тек ресми қызмет қана атқаратын, яғни, әскери парадтар өткізілетін кеңестік жүйеден бас тартқымыз келеді. Алаң осыдан басқа қызмет атқармаған. Адамдар ол алаңдарды айналып өтуге тырысатын. Себебі, ол алаң биліктің алаңы еді», — деп толықтырған болатын қала әкімі.
Сонымен бірге, бұрын хабарлағанымыздай, сәулет және құрылыс саласындағы сарапшылар Алматыда жүргізіліп жатқан құрылыстардың сейсмикалық нормаларға сай келмейтіндігін талай рет көрсетіп, қала орналасқан 10 балл жер сілкініс қаупі бар аумақта жөнсіз құрылыс салудың болуы мүмкін салдары жөнінде бірнеше мәрте ескерткен еді.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Казахстан Сегодня» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті