Орталық Азиядағы бір ең ірі есірткілік құрылым жойылды - ҚР ҰҚК - kaz.caravan.kz
  • $ 471.77
  • 547.25
+9 °C
Алматы
2026 Жыл
20 Мамыр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Орталық Азиядағы бір ең ірі есірткілік құрылым жойылды - ҚР ҰҚК

Орталық Азиядағы бір ең ірі есірткілік құрылым жойылды - ҚР ҰҚК

Астана. 14 ақпан. "Қазақстан Бүгін" - ҚР ҰҚК "Тайфун" атты операцияның барысында Орталық Азиядағы ең бір ірі есірткілік құрылымды жойды. Бұл туралы ҚР ҰҚК-нің баспасөз қызметі хабарлады.

  • 14 Ақпан 2008
  • 530
Фото - Caravan.kz

«Есірткілік құрылымды Ташкентте тұратын Тәжікстан азаматы Б. Махмудходжаев ұйымдастырған. Орталық Азиядан Ресейге героин мен апиын жеткізетін тұрақты арналар құрған бұл құрылымның мұқият бүркемеленген және тамырын тереңге жайған бөлімшелері болған», -деп хабарлайды баспасөз қызметі.

Есірткі Шымкент — Тараз — Қарағанды — Астана -Петропавловск және Шымкент — Тараз — Алматы — Талдықорған — Өскемен бағыттарында тасымалданып келген.

ҚР ҰҚК-нің баспасөз хатшысы Кенжеболат Бекназаровтың айтуынша, Қазақстан , Ресей, Өзбекстан мен Тәжікстанның арнаулы қызметтерінің біріккен іс-шарасы үш жылға созылған.

Арнаулы қызметтер Махмудходжаевтың ізіне 2004 жылдың ақпан айынан бастап түскен. Сол тұста ол апиын мен героинды Қазақстандағы ірі есірткілік топ- Ильхам Мирзахмедовтың тобына жеткізетін басты ұйымдастырушы ретінде анықталған. Ал Ильхам Мирзахмедовтың тобын ҰҚК жойып жіберген. Топты жою барысында 200 килограмм аса героин мен 30 килограмм апиын тәркіленіп, И.Мирзахмедовпен қосқанда 14 адам сотталып, түрді мерзімдерге жаза жүктеді.

2005 жылдың қазан айында Қостанай облысында Қазақстан мен Ресей шекарасынан өтетін сәтте Махмудходжаевтың ұйымдастыруымен құрылған Ресейге есірткі тасымалдайтын топ құрықталды. Ол кезде 70 килограмм апиын мен 20 килограмм героинді заңсыз айналымнан шығаруға мүмкіндік туды.

Бұдан кейін Махмудходжаев Қазақстанға келуді доғарып, Тәжікстаннан Өзбекстанға тұрақты тұруға көшті. Ташкентте тұрған кезінде ол өзінің қылмыстық әрекеттерінің аясын біршама кеңейтіп, Ауған есірткісін Орталық Азия мен Ресейге жеткізуді жолға қоюшы басты ұйымдастырушыға айналды.

«Беті ашылған қылмыстық әрекеттердің ауқымдылығн ескеру негізінде есірткілік қоғамдастықтың жалпы іс-әрекетіне тосқауыл қоюға бағытталған бірегей шұғыл тергеу шаралары жүзеге асырылды», -деп хабарлайды баспасөз қызметі.

Есірткі ұясының шешуші тармақтарына агенттер мен оперативтік қызметкерлер ендіріліп, сонымен біруақытта Ресей, Тәжікстан мен Өзбекстанның арнаулы қызметтерінің бірлескен шаралары жүзеге асырылды. Сөйтіп, Махмуджоджаев пен оның байланыстарына аталған елдердің аумағында тығыз оперативтік бақылау орнатылды.

Соның нәтижесінде, 2007 жылдың мамыр айы мен 2008 жылдың ақпаны аралығында Алматы, Шымкент, Қарағанды және Петропавловск қалаларында есірткілік құрылым жеткізген контрабандалық есірткі партияларын ұстауға бағытталған 8 арнаулы операция іске асырылды. Заңсыз айналымнан 100 килограмм героин шығарылды.

Осынау алдын-ала ауқымды жұмыстар шараның ақырғы кезеңі — құрылым басшысын ұстау шарасына ден қоюға мүмкіндік берді. 2008 жылдың 17 қаңтарында Ташкентте Махмудходжаев пен оның бес сыбайласы қолға түсті. Олардан осы сәтте 10 килограмнан аса героин тәркіленді.

Жалпы алғанда «Тайфун» іс-шарасы аясында Қазақстан , Ресей мен Өзбекстан аумағында 800 кг аса героин мен 100 кг апиын тәркіленіп, 24 қылмыстық іс қозғалып, халықаралық есірткі тасушы топтың 42 белсенді мүшесі құрықталды.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Казахстан Сегодня» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті