Шардара су қоймасына жіберілетін су көлемі ұлғайды - kaz.caravan.kz
  • $ 471.77
  • 547.25
+15 °C
Алматы
2026 Жыл
21 Мамыр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Шардара су қоймасына жіберілетін су көлемі ұлғайды

Шардара су қоймасына жіберілетін су көлемі ұлғайды

Шымкент. 18 ақпан. "Қазақстан Бүгін" - Көршілес елдермен жасасқан шартқа қарамастан, Тоқтағұл су қоймасынан жіберілетін су көлемі азаймай, Сырдариядағы қаптал каналдар ашылған жоқ. Соның салдарынан Шардара су қоймасына жіберілетін су көлемі ұлғая түсуде. Бұл туралы Қазақстан Бүгін тілшісіне "Югводхоз" РМК су пайдалану бөлімінің төрайымы Айгүл Омарова хабарлады.

  • 18 Ақпан 2008
  • 745
Фото - Caravan.kz

«Қазіргі жағдаймен су қоймасына секундына 1617 текше метр (бір апта бұрын 1300 м3/сек болған) су жіберілуде. Сенбі күнгі мәлімет бойынша Үлкен Ферғана және Өзбекстандағы басқа да қаптал каналдар әлі ашылмаған, Тоқтағұлдан жіберілетін су бұрынғы деңгейде секундына 849 текше метрді құрап отыр», -деді А. Омарова.

«Югводхоз» РМК мәліметінше, Шардара су қоймасының қазіргі көлемі 4 млрд 332 млн текше метрді, Сырдарияға жіберіліп жатқан көлем — секундына 700 текше метрді, Қызылқұм каналына жіберілетін көлем секундына 20 текше метрді, Арнасайға жіберілетін көлем секундына 230 текше метрді құрап отыр.

Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, осыдан он күн бұрын ҚР Ауылшаруашылығы министрлігі су ресурстары комитетінің төрағасы Анатолий Рябцев басқарған үкіметтік комиссия Қырғызстан мен Өзбекстанда Сырдария арнасына су жіберу көлемін азайту мәселесі бойынша келіссөздер жүргізіп қайтқан. Біздің өкілдердің айтуынша, Қырғызстан жағы Қазақстан көмір мен мазут жіберген жағдайда Тоқтағұлдан су жіберу көлемін азайтуға уәде берсе, Өзбекстандағылар Сырдариядан суғару арналарына су алуды ұлғайтуға уәде берген. «Қазір су қоймасына секундына 1400 — 1500 текше метр су келіп жатыр. Алдағы бес-алты күнде біз көлемді секундына 1200 текше метрге дейін азайтуға қол жеткізуге тиіспіз», — деді сонда А. Рябцев келіссөздердің қорытындысы бойынша.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Казахстан Сегодня» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті