Баспасөз қызметі хабарлағандай, Түркіменстан президенті Г. Бердімұхамедов Анкараға келуді шақыруды өзінің Түркиялық әріптесі Абдулла Гюльден өткен жылдың желтоқсанында алған. Түркия президенті Абдулла Гюль сол кезде Түркіменстанда мемлекеттік сапармен болған еді. Сонда тараптар экономикалық ынтымақтастық жөніндегі Түркімен-Түрік комиссиясын құру туралы бірлескен коммюнике мен үкіметаралық келісімге қол қойған болатын. Екі елдің басшылары жоғары деңгейдегі кездесулерді жылына бір реттен сирек өткізбеу жөнінде келіскен-ді.
Соңғы рет Түркіменстан президенті марқұм болған Сапармұрат Ниязов Түркияға 2001 жылы барған екен. Түркия Түркіменстан үшін ең жақын серіктес болып келді. Түркіменстандағы шетелдік компаниялардың үштен бірі түрік кәсіпорындары болып табылады (барлығы 428 кәсіпорын).
Баспасөз қызметінің хабарламасына сүйенсек, биыл түрік бизнесмендері Каспий теңізінің жағасындағы Түркіменбашы портында әуежай салуға қатысып отыр. Polimeks компаниясы әуежай ғимаратын, 3,5 шақырымдық ұшу-қону жолағын, ұшақтар қоятын аумақ және ұшақтарды жанармаймен қамтамасыз ететін орталықтандырылған станцияны салады. Ол әуежайдың ескі ғимараттарын жөндеумен және жаңаларын салумен де айналысады. Келісімшарт талаптарына сәйкес, құрылыс 2008 жылдың ақпан айында басталған және 2009 жылдың қазанында аяқталуы керек.
Мұнда тағы бір түрік компаниясы — BELDA — балалар мен үлкендерге арналған сауықтыру орталығын салуды бастамақ. Құрылыс биылғы наурызда басталады деп күтілуде. Ол 2009 жылдың желтоқсан айында аяқталады деп жоспарланып отыр. 400 демалушыға есептелген орталықтың жалпы құны 26,8 млн АҚШ долларын құрайды.
Баспасөз қызметінің хабарламасында, Lotus Proje Akaryakit Enerji Madencilik Telekominikasyon Insaat Sanayi Taahhut ve Ticaret A.S. энергетикалық компаниясы Ашхабадтың жаңа электр станциясының техникалық-экономикалық негіздемесін жасауға және оны салуға 120 млн евро бөлгендігі жөнінде айтылады. Түркімен астанасы мен Ахал уәлаятын электрмен қамтамасыз ету сенімділігін арттыруға арналған электр станциясының қуаты 254 МВт-ты құрамақ. Құрылыс биыл наурызда басталады деп күтілуде. Ал пайдалануға берілу 2010 жылдың ақпан айында жүзеге асады деп жоспарланған.
Баспасөз қызметінен хабарлағандай, осыған қарамастан екі елдің арасындағы ең маңызды мәселе Түркіменстанның энергетикалық ресурстарын Түркия аумағы арқылы тасымалдау болып табылады. Түркия Түркіменстанның газын екі бағыт бойынша тасымалдауды қарастырып отыр. Атап айтқанда, Иран аумағы арқылы және Транскаспий газ құбыры арқылы тасымалдау. Қазіргі уақытта Түркия мен Түркіменстан арасында Түркіменстаннан 30 млрд куб метр табиғи газды сатып алу жөнінде келісім бар.
Түркіменстан басшысының баспасөз қызметінің мәліметтеріне сүйенсек, Түркіменстанның сыртқы сауда айналымында Түркия экспортта тұрақты 4-орынды, ал импортта 1-орынды ұстап тұр. Алдын ала есептеулер бойынша екі елдің арасындағы тауар айналымы 2007 жылы 1,2 млрд АҚШ долларын құраған.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Казахстан Сегодня» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті