Саяси қуғын-сүргін құрбандары мемориалының алдында өткен митингке Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімов, қоғам қайраткерлері, саяси қуғын-сүргін құрбандарының жақындары мен туысқандары қатысты.
«Қазақстан Республикасының президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «артында миллиондаған қасірет тұрса да тек сандар ғана қорқынышты емес. Қорқыныштысы — тоталитаризмнің кесапатын түсіне алмау» деген сөздері еске түседі. Алдыңғы ұрпақты есте сақтау — біздің адамгершілік және қасиетті борышымыз. Қазіргі таңда мемлекетіміз тарихи әділеттіліктің орнауы үшін, барлық саяси қуғын-сүргін құрбандарына құрмет пен ұқыпты қарауды қамтамасыз ету үшін барлық күш-жігерін жұмсап отыр. Саяси қуғын-сүргін құрбандары мен олардың ұрпақтары алдында басымды иемін», — деді Ахметжан Есімов.
«Қазақстанда 31 мамыр Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні болып табылады. ХХ ғасырдың 30-жылдары ішкі істер халық комиссариаты (НКВД) тарапынан саяси қуғын-сүргінге шамамен 3 млн адам ұшырады. Анықтама мәліметтеріне сүйенсек, 1921 мен 1954 жылдары бұрынғы Кеңес Одағында сотталған адамдардың саны 3 млн 777 мың адамға жеткен. Олардың ішінде 642 мың адам өлім жазасына кесілген. Қазақстанда осы уақыт ішінде 103 мың саяси қуғын-сүргінге ұшырап, 25 мың адам атылған», — деп көрсетілген баспасөз-релизінде.
Сталиндік репрессия кезінде аман қалған мыңдаған адам қазір ай сайынғы жәрдемақы алады. Қазақстан президенті сталиндік саяси қуғын-сүргінді басынан өткізген қазақстандықтарға зор түсіністікпен қарайды. Мемлекет басшысының ыждахаттылығының арқасында Жаңалық ауылында ескерткіш орнатылып, Алматыдағы НКВД-ының бұрынғы ғимаратында саяси қуғын-сүргін құрбандарының мұражайы ашылған. 1993 жылдың 14 сәуірінде қабылданған «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы» заң Тәуелсіз Қазақстанда қабылданған алғашқы заңдардың бірі болды.
«Алматы облысының Жаңалық ауылында саяси қуғын-сүргін құрбандарының ескерткіші орнатылған. Мұнда Алматыдағы ішкі істер халық комиссариатының жертөлелерінде атылған 3 мыңға жуық қазақстындықтың мүрдесі көмілген», — деп хабарлады баспасөз қызметі.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Казахстан Сегодня» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті