Баспасөз қызметінің ақпаратына сәйкес, мәжіліске облыс әкімдерінің орынбасарлары, облыстық ауыл шаруашылығы басқармаларының бастықтары, министрліктің құрылымдық және аймақтық инспекцияларының және «ҚазАгро» Ұлттық холдингінің жетекшілері қатысты.
Мәжілісте бірінші болып биылғы егін-терім науқанына дайындық барысы талқыланды. Егіншілік және фитосанитариялық қауіпсіздік департаменті директорының ақпараты бойынша, жалпы алғанда ауыл шаруашлық құрылымдарының егін жинау науқанына дайындығы жақсы. Жергілікті атқару органдарының мәліметі бойынша негізгі астық себуші аймақ саналатын солтүстік облыстарда егін жинау техникаларын, астық сақтау қоймалары мен элеваторларды науқанға әзірлеу жоспарға сәйкес іске асырылуда, ал оңтүстік облыстар астық жинауға кірісіп үлгірді. Ауыл шаруашылық тауар өндірушілерін қажетті дизель отынымен қамтамасыз ету мәселесі толық шешілген.
Дегенмен, алқада егін-терім науқанын табысты өткізіп, азық-түлік нарығын тұрақтандыруға бағытталған нақты тапсырмалар айтылды. Атап айтқанда, бидайдың келесі күзге дейін жететін қорын жинап алу, астық екпейтін аймақтарда «Азық-түлік келісім-шарт корпорациясының» тұрақтандыру қорын жеткілікті мөлшерде жинақтау және ауылдық статистер мен жергілікті атқару органдарының қатысуымен астықты есептеудің шынайылығын қамтамасыз ету туралы тапсырма берілді. Ғылыми ұйымдарға шұғыл түрде егін жинауға қатысты ұсыныстар әзірлеп, тауар өндірушілерге тарату тапсырылды.
Сонымен қатар ішкі жеміс-жидек және бақша дақылдары нарығын толтыру мен осы өнімдерді қысқа сақтау, жылыжайларды жаңадан көптеп салу мен жеміс-жидек қоймаларын кеңейту мәселелері де көтерілді.
Шұғыл шара ретінде жергілікті атқару органдарына жеміс-жидек және бақша дақылдарын дайындау мен тасымалдау жұмысын жандандыру, коммунальдық базарлардың мүмкіндіктері мен көше саудасы әдісін пайдалана отырып делдалдарсыз тікелей сауда жасауды ұйымдастыру тапсырылды.
Екінші мәселе Астана және Алматы қалалары мен облыстық бюджеттерге берілген, ауыл шаруашылығын дамытуға арналған мақсатты трансферттерді тиімді пайдалану мәселесіне арналды. Талқылау барысында мемлекеттік қолдау шараларының тиімділігіне кері әсер етіп отырған факторлар аталды. Мұнан басқа жергілікті жерлерде құрылған ведомствоаралық комиссиялардың жұмысы өз дәрежесінде еместігі, олардың бөлінген қаржының мақсатты пайдаланылуын көбіне-көп қағаз жүзінде ғана тексеретіні айтылды.
Осыған байланысты жергілікті атқару органдарына егін егілетін жер көлемін нақты жоспарлау және болжауды, тиісті субсидияларды уақытылы бөлуді, квота бөлу мәселесінде ведомствоаралық комиссиялар жұмысының ашықтығын қамтамасыз ету тапсырылды. Ведомствоаралық комиссиялар құрамына қоғамдық ұйымдардың өкілдерін қосу туралы ұсыныс айтылды. Сонымен қатар, агроөнеркәсіп кешеніндегі мемлекеттік инспекция комитеті тарапынан бөлінген қаржының мақсатты пайдаланылуын бақылауды күшейту қажеттігі, бюджет қаржысын пайдаланудың тиімділігін арттыру керек екені атап өтілді.
Үшінші мәселе аясында «Таза су» салалық бағдарламасының іске асырылу барысы талқыланды. Ауылдық жерлерде тұрып жатқан жарты миллионға жуық адам әлі күнге дейін ауыз суды ашық көздерден алады. Сондай-ақ бағдарламаны іске асырудағы олқылықтар мен шешілмеген мәселер ашық айтылды. Осыған байланысты жергілікті атқару органдары басшыларына жаңадан салынған сумен қамтамасыз ету нысандарын коммуналдық меншікке қабылдап алу мен оларды одан әрі ұстап тұру үшін тиісті шараларды қолға алу тапсырылды.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Казахстан Сегодня» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті