Дүниежүзілік ЭКСПО көрмесі ең беделді әлемдік көрме алаңы болып табылады.
«ЭКСПО-2008» көрмесінің негізгі тақырыбы — «Су және орнықты даму». ХХІ ғасырда су проблемасы халықаралық қоғамдастықтың жаһандық басымдықтар тізіміндегі алғашқы орындардың бірін алып отыр. Су ресурстары қазіргі заман өркениеті үшін аса қажет. Адам тіршілігін қамтамасыз ету жүйесі су пайдалану технологияларынан тұрады. БҰҰ-ның мәліметі бойынша, бүгінде су тапшылығынан әлемде 2 миллиард адам зардап шегуде. Су жердегі табиғи ресурстардың барынша бағалы түріне айналды.
Ресми кездесу рәсіменен кейін Қазақстан президенті «ЭКСПО-2008»-дің құрметті қонақтар кітабына қолтаңба қалдырды.
Елбасы Испанияның экономикалық даму министрі Магдалена Альвареспен, «ЭКСПО-2008» көрмесінің бас комиссары Эмилио Фернандес Кастаньомен, ҚР Индустрия және сауда министрі Владимир Школьникпен, сондай-ақ екі мемлекеттің басқа да ресми тұлғаларымен бірге Қазақстан павильонының экспозицияларымен танысты. Көрмеде бірегей су нысандарын, Қазақстанның климаттық аудандары мен экологиялық-курорттық аумақтарын сипаттайтын экспонаттар ұсынылған.
Елімізде 39 мың өзен мен ағынды сулар, 48 мың көл бар. Жерасты ауызсу қоры 50 миллиард текше метр. Елдің оңтүстігі мен шығысында мұзарт белдеулері, аса көп минералдық көздері бар.
Елімізде 2007-2024 жылдарға арналған Орнықты дамуға өту мемлекеттік тұжырымдамасы кезең кезеңмен жүзеге асырылуда. Экологиялық және Су кодекстері, Су ресурстары мен су қорларын интеграциялық басқару жөніндегі ұлттық жоспар мен басқа да бағдарламалар қабылданды.
Арал теңізін қалпына келтіру, яғни Еуразияның ең үлкен экологиялық проблемасын шешу мақсатында күш-жігер жұмсалуда.
Қазақстан Каспий теңізінің экологиялық қауіпсіздігіне үлкен мән береді. Каспидің Қазақстан бөлігінде мемлекеттік қатаң экологиялық бақылау орнықты. Мұнай операцияларына да баса назар аударылады.
Астанада Еуразиялық су орталығы құрылуда.
Президент Нұрсұлтан Назарбаев Ресейдің, Жапонияның, Йорданияның және Испанияның павильондарында да болып, олардағы экспонаттармен үлкен қызығушылықпен танысты.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Казахстан Сегодня» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті