Пан Ги Мун халықаралық қоғамдастықты пандемияның таралуын тоқтату бойынша жалпыға бірдей күш-жігерді нығайтуға шақырды. «Әлемнің көптеген елдері үшін осыдан екі жыл бұрын БҰҰ Бас Ассамблеясында анықталған мақсатқа жетудің ауылы алыс қалпында қалып отыр. Ол мақсат бойынша 2010 жылға қарай ВИЧ індетінің таралуын тоқтату, емдеу, күту және қолдау қызметтерін әркімнің пайдалана алуына қол жеткізу керек болатын», — деп мәлімдеді БҰҰ бас хатшысы.
Жақында БҰҰ-ның ВИЧ/СПИД жөніндегі бірлескен бағдарламасы (ЮНЭЙДС) СПИД жаһандық індетінің биылғы баяндамасын жариялаған болатын. Онда соңғы жылдары ВИЧ індетіне байланысты өлім деңгейі азайып келе жатқаны сөз етілген. ВИЧ індетін жаңадан жұқтырғандар саны 2001 жылғы 3 миллионнан 2007 жылғы 2,7 миллионға дейін азайған. Былтыр антиретровирустық дәрілер қабылдайтын ВИЧ індетімен ауыратын екіқабат әйелдердің саны 14 пайыздан 33 пайызға көтерілген. Сол уақыт ішінде балалар арасындағы ВИЧ індетін жаңадан жұқтырғандар саны 410 мыңнан 370 мыңға төмендеген.
Алайда, соған қарамастан, Вьетнам, Индонезия, Кения, Қытай, Мозамбик, Папуа-Жаңа Гвинея, Ресей Федерациясы мен Украина секілді елдерде жаңадан ВИЧ індетін жұқтырғандар саны күн санап артып келеді.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Казахстан Сегодня» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті