Фестиваль барысында кино мен эстрада жұлдыздары, саясаткерлер мен танымал тұлғалар «Битлз» репертуарынан 30 ән орындайды. Шараны ұйымдастырушы «Табиғат» экологиялық одағы өкілдерінің айтуынша, Джон Леннон мен оның әйелі эколог, суретші Йоко Оно экологияның жанашырлары болған. Сондықтан «табиғаттықтар» еліміздегі Арал, Балқаш, Сорбұлақ, Ертіс, Нұра су және әуе бассейнінің проблемасына фестиваль арқылы назар аудартуды, сондай-ақ «Битлздың» әйгілі мүшесінің істеген істері негізінде экологияны қорғауға шақырмақ. «Табиғаттықтар» бұнымен қатар Алматыда Джон Леннон атындағы аллея ашуды ұсынбақ. Бұған дейін Леннонның есімі Кубада, Чехия, Жапонияда, Ресейдің Санкт-Петербор қаласында аллея, әуежай, гүлзар, көшелерге берілген болатын. Осы дәстүрді жалғастырғысы келген «табиғаттықтар» алда өткізілетін фестивальді халықаралық деңгейге шығаруды және жылда өткізуді мақсат етпек.