Бұл туралы бүгін Алматыда өткен арнайы баспасөз мәслихатында топтың продюссері Баян Есентаева хабарлап, қуаныштарымен бөлісті.
Оның айтуынша, бас жүлде ешкімге берілмеген. «Байқау тамыздың 28-і мен 30 аралығында өтті. Оған Италия, Ресей, Украина, Түркия, Өзбекстан, Молдова, Македония, Грузия, Әзірбайжан, Польша, Австрия, АҚШ, Испания, Кипр және тағы да басқа елдердің өкілдері қатысты. Біз шақыртуды түрік елінде өткен байқауда алған едік. Үш күнге созылған ән бәйгесіне түрлі халықаралық байқаулардың жеңімпаздары қатысты. Әр өнерпаз заманауи өңделген фольклорлық әндерді өз тілдерінде орындады. Екі күндік іріктеу турынан кейін ақтық сынға 20 орындаушы өтті. 12 адамнан тұратын халықаралық қазылар алқасы жеңімпаздарды үш күндік байқаудың нәтижесі бойынша анықтады. Біздің топ «Сүгірдің термесін», Сейдолла Бәйтерековтың «Әлия» әнін және халық әні «Әдемі қызды» сахнаға шығарды. Қазақ қыздарының сұлулығын, махаббат құдіретін, батыр жүректі ұл-қыздарының ерлігін жырлаған әндер тыңдарман мен кәсіби қазылар алқасының көңілінен шыққанына қатты қуандық. Бәсекелестер өте мықты болды. Марапаттау кезінде біздің атымыз аталып, «Қазақстан» дегенде бойымызды патриоттық сезім билеп, қуанышымызда шек болмады «, деді топтың продюссері Баян Есентаева.
Оның айтуынша, қазылар алқасы топ қыздарының кәсіби орындау шеберлігін, музыкалық талғамы мен ұлттық нақыштағы киімдерін ерекше атап өткен.
«Бұл байқау жай шоу емес, нағыз ән сынағы екендігін сезіндік. «Шын жүректен шыққан ән, жүрекке жетеді» демекші, біз әнді тыңдарманға жеткізуге тырысып, бар өнерімізді салдық», деді топтың әншісі Мөлдір Әуелбекова.
«Кеш YOU» тобы бірінші жүлдені — 15 000 АҚШ долларын иемденді, сонымен қатар, келесі жылы Молдовада, Украинада, Болгарияда өтетін халықаралық ән бәйгелеріне шақырту алды.