Концерттік залдың көрме холлында Григорий Потаниннің өмірі мен шығармашылығы туралы сыр шертетін Павлодар облысының тарихи — өлкетану мұражайынан жинақталған көрме ұйымдастырылады.
Ұйымдастырушылар — ҚР Мәдениет министрлігі, «Қазақ әуендері» АҚ.
Григорий Николаевич Потанин 1835 жылы Павлодар облысы Ямышево ауылында туған. 1845-1952 жылдары Омбыдағы кадет корпусында оқыды. Сол кезеңде қазақ ғалымы Ш.Уәлихановпен танысқан. Омбы облыстық мұрағатында бірге жұмыс жасап, қазақ халқы жөніндегі тарихи-этнографиялық әдебиеттерді зерттеген. 1853-58 жылдары Сібірде әскери қызметте болды. 1859-61 жылдары Петербург университетінің физика математика факультетінің жаратылыстану бөлімінде оқыды. 1876 жылдан бастап Сібір мен Орталық Азияның аз зерттелген аудандарының географиясы, этнографиясы, фольклоры, ботаникасы мен экономикасы жөнінде деректер жинау мақсатымен бірқатар саяхаттар жасады. Олардың ішінде 1876-77 және 1879-80 жылдары Солтүстік-Батыс Моңғолияға, 1899 жылы Үлкен Хинганға жасаған экспедициялары назар аудартады. Сонымен қатар, Потанин Забайкалье, Алтай және Қазақстанда (Баянауыл, Сырымбет, Зайсан, Тарбағатай) болып, қазақ халқының аңыздарын, ертегілері мен әдет-ғұрыптары жайлы деректер жинап, кітап жазды. 1884 жылы А. Құнанбаев Григорий Потанинге «Қозы Көпеш — Баян Сұлу» поэмасының қолжазбасын сыйға тартады. Ақын М. Дулатов Потанинді «Сібірдің құрметті ақсақалы» атап кеткен.
Г.Потанин 235 кітап және ғылыми мақалалар жазды. Ш.Уәлихановтың ғылыми еңбектерін жариялауға үлкен еңбек сінірді. Батыс Сібірдің мәдени және қоғамдық өміріне белсене араласып, географиялық және басқа да қоғамдық ұйымдар, мектептер, әйелдер курсын, мұражайлар ашуға қатысты. Қазақ фольклоры үлгілерін, жалпы түркі тілдес халықтардың ауыз әдебиетін жинап, «Қазақтардың және алтайлықтардың аңыздары, аңыз-әңгімелері және ертегілері» атты еңбегін жазды. Географиялық озық еңбектері үшін Потанинді Орыс география қоғамы 1886 жылы Үлкен Константинов медалімен марапаттады. Потанин есімімен Наньшань тауындағы жота, Моңғол Алтайындағы мұздық аталған.
Қазақтың жасындай жарқ еткен жұлдызы Шоқан Уәлихановтың досы, орыс этнографы, географ, публицист Григорий Потанин қазақтың белгілі тұлғалары Әлихан Бөкейханов, Міржақып Дулатов, Мұса Шорманов, Әлімхан Ермеков және Жақып Ақпаевтармен жақын араласқан.
Салтанатты кешті ҚР Мәдениет министрі М.А. Құл-Мұхаммед сөз сөйлеп ашады.
Мерейтойлық кеште Г. Потаниннің өмірі мен шығармашылығы туралы деректі фильмдерден үзінділер көрсетіліп, театрландырылған қойылымдар қойылып, Петербург жайлы өлеңдер оқылады. Концерттік бағдарламаға М. Горький атындағы Мемлекеттік орыс драма театрының әртістері, республикалық және халықаралық конкурстардың лауреаттары Ерлан Торебай, Берік Омаров (Семей қ.), Елена Федякина, Жәнібек Сапаров, Марат Нүкеев, Алексей Ефременко, Станислав Гасаев (Барнаул қ.), Қаракөз Әбдішәріпова (Алматы қ.), Еркебұлан Қайназаров, Рамзат Балакишев, Мадина Адамова (Павлодар қ.), Айзат Қарабековалар қатысады.