Кешті ашқан ҚР Мәдениет министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед, М.Қаратаев ХХ-шы ғасырдың басындағы қазақ интелигенциясының аса бір талантты өкілі болғандығын атап өтті. Қазақ зиялылары алғаш қуғын-сүргінге ұшырай бастаған аумалы-төкпелі заманда М.Қаратаев небәрі 24 жаста болған. Ал 1938 жылдан бастап 1951 жылға дейін жалған айып тағылып, репрессияның тырнағына өзі де ілігеді.
«Үлкен беделге ие болып, қазақтың Белинскийі атанған Мұқаң, халқына, қазақ әдебиеті мен мәдениетіне соңғы демі қалғанша қызмет істеген адам. Ол өте қарапайым болды. Түрмеде көрген қорлықтары туралы жазған шындықты жазып тұрып, жариялауға қорықты. Ел тәуелсіздік алғанына — үш-төрт ақ жыл. Мүмкін ертен заман қалай болып кетеді деп қорыққан да болар. Сөйтіп, түрмедегі дүниелерін жеңгемізге аманат етіп кетті: «Уақыт өткеннен кейін түбі бір шығарарсың, халыққа керек болар», деп. Оларды мен де жүрегім езіліп тұрып оқыдым. Мұқаң, өзінің халқына барлық болмысымен, бітімімен, бүкіл шығармашылығымен, данышпандығымен, академиктігімен және профессорлығымен қайтып оралды. Сол үшін Елбасының тапсырмасы бойынша ағамыздың 100 жылдық тойын өткізгелі отырмыз», деді министр.
Министрдің айтуынша, Президенттік мәдениет орталығында атап өтіліп отырған М.Қаратаевтың 100 жылдығы бұдан кейін, оның туған жері Қызылордада жалғасын табады. Сонымен бірге, жазушының мерейтойы Қазақстанның бірқатар жоғары оқу орындарында кеңінен атап өтілетін болады.
Еске алу кеште М.Қаратаевтың өмірі мен шығармашылығы жөніндегі деректі фильмнен үзінділер көрсетілді. Оның «Ізденіс іздері», «Соңғы аманат» туындылары негізінде театрландырылған көріністер қойылды. ҚР еңбек сіңірген қайраткер Дүкенбай Досжан қазақтың аяулы азаматы атанған тұлға жайлы естелік сөзімен бөлісті.
М.Қаратаев, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының жауапты хатшысы, төрағасы қызметтерін атқарған. Қазақ совет энциклопедиясының бас редакторы болған. Ол жеті жүзден астам мақаланың, қырықтан астам кітаптың авторы. Ғылыми еңбектерінің негізгі арқауы — қазақ әдебиетінің тарихи жолы мен өсу сатылары, туған елдің топырағынан жаралып, ана сүтімен енген ұлттық дәстүр, оның жаңа сапада қалыптасуы, түр мен мазмұнның біте қайнасып, шеберліктің шыңдалуы.