«Бізді КВН-мен шатастырмаңыздар. Себебі КВН — көңілділер мен тапқырлар клубы. Ал біз қаламызда «Астана қаласының Көңілді тапқырлар театрын» ашып отырмыз. Біздің театр өзге театрлардан ерекше. Қазір Қазақстанда жеке әзіл-сықақ орындаушылар бар және біз олардың басын біріктіретін театр ашып отырмыз», — деді Театрдың директоры және көркемдік жетекшісі Тұрсынбек Қабатов.
Оның сөзіне қарағанда, мұндай театрды ашу идеясы Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетовке тиесілі және ол қала басшысының тікелей қолдауымен құрылған.
Театрдың шығармашылық тобы жеке әзіл орындаушылардан, яғни пародистер мен әзіл-сықақшылардан құралған. Атап айтқанда, олар — танымал қазақстандық сатирик Нұржан Тұтов, жас орындаушылар Ерболат Төлегенов, Аманғали Сыпабеков және басқалар. Режиссері — Ұлттық КВН құрама командасының капитаны Нұрлан Қоянбаев.