Театрдың ХХ-шы маусымы М.Әуезовтың «Абай» трагедиясымен ашылмақ. Оның қоюшы режиссері — ҚР еңбек сіңірген қайраткері Әлімжан Оразбеков. Қоюшы суретші — театрдың бас суретшісі Дәулет Досбаев. Еске салайық, аталмыш спектакльдің премьерасы 2009 жылғы шілденің 3-і күні өткен болатын.
Театр ұжымы қазанның 31-іне дейін көрермен қауым назарына сондай-ақ, Қ.Жүнісовтың «Махаббат мелодрамасын», Т.Джюдженоглудың «Көшкін», Ш.Айтматовтың «Ақ кеме», «Ғасырдан да ұзақ күн», И.Штраустың «Жұбайлар жұмбағы» премьерасын, Е.Жуасбектің «Сен үшін», «Үйлену», Б.Ұзақовтың «Жандауа» және тағы да басқа авторлардың қойылымдарын ұсынатын болады.
Осы күндері Астанада (28 қыркүйек — 6 қазан аралығында) М.Әуезов атындағы Қазақтың академиялық драма театры гастрольдік сапармен жүр. Театр қойылымдары К.Байсейітова атындағы Ұлттық опера және балет театрында өтуде. Ал үстіміздегі жылғы қазанның 25-29 күндері аралығында елордаға І.Омаров атындағы Қостанай облыстық қазақ драма театрының сапары күтілуде.