Балалардың қабілет-қарымын, шығармашылық ойын дамытып, еркін де жауапкершілігі жоғары тұлға ретінде тәрбиелеуді мақсат ететін мұндай клубтар бұрын Орал қаласында ғана бар болатын. Ұрпақ тәрбиесі үшін маңызы зор жұмысты аудандардан алғашқы болып жаңақалалықтар қолға алды.
Мектептен тыс жұмыс орталығының директоры Ғазиза Бекжанқызының айтуынша, аудан орталығы Жаңақала ауылында 47 көше бар. Осы көшелердегі қызығушылық танытқан 60 баладан әзірге аула балаларының екі клубы құрылып, жетекшілері тағайындалып, жұмыс басталды.
Аула клубтарының тұсаукесер фестивалі де мерекелік үлкен шара ретінде ұйымдастырылды. Аудандық мәдениет үйі алдындағы абаттандырылған «Достық» алаңына бұл күні аяқтарына ролик, скейт-борд байлаған балалар шара басталар уақыттан көп бұрын жиналып, сырғанап мәре-сәре болып, төңірегін шаттық үнге толтырды.
Фестивальге ата-аналармен бірге аудан әкімі Тимур Имашев қатысты. Аула клубтарының арнайы әнұраны да (сөзі Қазбек Әлмұқановтікі, әні Ерлан Сатыбаевтікі) әзірленген.
Аудан әкімдігінің, қонақтардың, ата-аналардың құттықтауынан кейін өздерін таныстырған екі аула клубының мүшелері скейт-бордпен, роликпен қалай жүре алатындықтарын, велошоп көріністерін көрсетіп, қызықты сайыстарын бастап кетті. Ауыл балалары үшін таңсықтау ойын түрін тамашалаушылар аз болған жоқ.
Қос аула клубының барлық мүшелеріне ауыл кәсіпкері Светлана Манкаеваның демеушілігімен сыйлықтар табыс етілді.