«Басылым үш айда бір рет басылып отырады. Қазіргі кезде журнал қазақ және орыс тілдерінде 2,5 мың данамен жарық көреді. Кейіннен осы нұсқасы ағылшын, араб тілдеріне аударылады»,- деді аталған журналдың Бас редакторы Мұрат Алмасбек.
Бас редактордың сөзіне қарағанда, Қазақстанның алдағы жылы Ислам конференциясы ұйымына төрағалық етуі қарсаңында бұл журнал еліміздегі діни ахуалдан түрлі ақпарат беру мақсатында шығарылып отыр. Бұл мәдени-танымдық басылымда қоғам, мәдениет қайраткерлерінің, дінтанушылардың, сондай-ақ басқа да зиялы қауым өкілдерінің мақалалары және діннің тарихы мен өзге өзекті мәселелер тұрғысында сараптамалық мақалалар жарияланады.
Басылым тұрақты айдарлармен жұмысы істейді. Атап айтсақ, Қазақстан жеріндегі ислам діні тарихынан хабар беретін «Ислам тарихы», еліміздегі мұсылман мемлекеттерінің елшілерімен болған сұхбаттарды жариялайтын «Елдестірмек — елшіден», ислам діні мен қазақ халқының тарихи рухани байланысы туралы ой түйетін «Рухани тамыр», елімізге енді-енді дендеп еніп жатқан ислам қаржы саласынан хабар беретін «Ислам қаржысы» сынды айдарларды қамтиды.
Сонымен қатар журнал еліміз тарихындағы діни ғұламалар мен қайраткерлер, құнды жәдігерлер жайлы танымдық ақпараттар беріп, еліміздің абыройын көтеретін жағымды жаңалықтарды қамтуды көздейді.