Осыған орай ұйымдастырушылар бұқаралық ақпарат құралдарына арнап баспасөз мәслихатын өткізді.
«Биылғы өнер бәйгесінде үздік әдеби шығарма, үздік журналистік жұмыс, бейнелеу өнері, эстрада жанры, халық әндері және классикалық әндер аталымдары бойынша мықтылар анықталады. Фестивальға Ресей, Қазақстан, Өзбекстан, Якутия, Қазан, Беларус және басқа да шет мемлекеттерден үміткерлер келіп жатыр», -дейді Астана қаласы Мәдениет басқармасы бастығының міндетін атқарушы Еркебұлан Ағымбаев.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, үміткерлердің саны биыл 600-ден асып отыр.
Тиісті аталымдар бойынша қазылар алқаларының төрағалары — ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Журналистер одағының мүшесі Уәлихан Қалижан, К. Бәйсейітова атындағы опера және балет театрының бас балетмейстері Тұрсынбек Нұрқалиев, Қазақ Ұлттық музыка академиясының ректоры, белгілі скрипкашы Айман Мұсақожаева, Қазақстанның халық жазушысы Фариза Оңғарсынова, Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық консерваториясының доценті Өтепберген Хамзин, Қырғыз Республикасының халық әртісі Мұратбек Бегалиев және тағы басқалар.
8 қарашада, фестивальдің соңғы күнінде «Шабыт» Гран-при жүлдесімен қатар, ең дарынды қатысушыға Қазақстан Республикасы Президентінің Кубогі табысталады.