Талай жастардың кеудесіне үміт отын тұтандырып, шығармашылығына серпіліс берген халықаралық «Шабыт» фестивалі елордада биыл он үшінші рет өтуде.
8 қарашаға дейін жалғасатын өнер байқауында Италия, Испания, Польша, Франция, Қырғызстан, Өзбекстан және Қазақстан елдерінің өнер өкілдерінен құралған қазылар алқасы ең дарынды қатысушыларды анықтап, оларға лайықты жүлделерін тапсырады.
Фестивальға Ресей, Қазақстан, Өзбекстан, Якутия, Қазан, Беларус және басқа да шет мемлекеттерден 604 үміткер қатысуда.
Байқаудың салтанатты ашылу рәсіміне фестиваль идеясының авторы Төлеген Мұхамеджанов келіп, қатысушыларғы сәттілік тіледі.
«Шабыт» — 1998 жылы Астананың туған жылында дүниеге келді. Содан бері бұл фестиваль Елбасы Нұрұсұлтан Назарбаевтың жеке қолдауымен өтіп келеді. Сол кездері біз елордаға талантты жастарды тартып, Астананы еліміздің мәдени елордасы ретінде дамуына жол ашу мақсатында «Шабыт» фестивалін өткізуді ойлаған болатынбыз»,-деді ол.
Оның айтуынша, «Шабыт» өзінің ғұмырында 13 мыңға тарта шығармашыл жастың жігерін жанып, жарқын таланттарын танытуларына мүмкіндік берді, Астанада мәдениет пен өнер зиялыларының шоғырын қалыптастырды.
Тиісті аталымдар бойынша қазылар алқаларының төрағалары — ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Журналистер одағының мүшесі Уәлихан Қалижан, К. Бәйсейітова атындағы опера және балет театрының бас балетмейстері Тұрсынбек Нұрқалиев, Қазақ Ұлттық музыка академиясының ректоры, белгілі скрипкашы Айман Мұсақожаева, Қазақстанның халық жазушысы Фариза Оңғарсынова, Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық консерваториясының доценті Өтепберген Хамзин, Қырғыз Республикасының халық әртісі Мұратбек Бегалиев және тағы басқалар.
8 қарашада, фестивальдің соңғы күнінде «Шабыт» Гран-при жүлдесімен қатар, ең дарынды қатысушыға Қазақстан Республикасы Президентінің Кубогі табысталады.