«Біз кітапхананың иелігіндегі барлық қорды шығарып, келушілердің назарына ұсынуға тырыстық. Олар — еліміздің мемлекет болып нығаюы кезеңімен, еліміздің тарихымен, Қазақстан халықтарының мәдениетімен тығыз байланысты кітаптар», — дейді ҚР Ұлттық академиялық кітапхананың бас директоры Жанна Шаймұхамбетова.
Көрменің негізгі идеясы — қазақ мемлекетінің сан ғасыр бойы қалыптасу тарихындағы уақыт пен ұрпақтар сабақтастығын көрсету.
«Ғасырлар қойнауындағы тарих жаңғырығы», «Қазақстан табиғатының әлемі», «Халықтарды ұйыстырған ұлы ел», «Мәдениет — халықтың парасаты мен рухы» деген бөлімдерден тұратын көрменің ашылу рәсіміне Астана қаласының шығармашылық өкілдері, студенттер мен оқушылар қатысты.