Туындыны түсірген ҚХР-дың режиссері — Гау Фың, продюссері — ҚХР-дың кинофильм жасау орталығының меңгерушісі Шың Зе Жүн. Сценарий авторы — ҚХР-дағы Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық өлкесі Жазушылар одағының төрайымы, жазушы, аудармашы Еркеш Құманбекқызы. Фильмге қазақстандық актер Нұрлан Әлімжан түскен. Ол Сері жігіттің рөлін сомдайды.
Фильмге шекара сыртында қалып қойған қандастарымыздың ертедегі өмір салты, тұрмыс-тіршілігі мен көшпенді қазақтардың сахара мәдениеті арқау етілген. Кинотуындыда қазақ елінің тағдыры, оның басынан кешірген тауқыметі бейнеленген.
Фильм Қытай елінің, Шынжаң автономиялық аудандық Жазушылар Одағы төрағасының орынбасары Еркеш Құманбекқызының авторлығымен және Қытай орталық телевизиясы кинофильм жасау орталығының жетекшілігімен түсірілген.
Туындыны бірінші болып алматылықтар тамашалай алды. Тұсаукесерге еліміздің ақын-жазушылары, кино майталмандары қатысып, іргеміздегі алып империяның азаматтары атанған қазақ бауырларымызға алғыстарын білдірді.
«Біз Қазақстан егемендігін алған жылдардан бастап қарым-қатынасымыздың жақсарғандығына қуаныштымыз. Бүгінгі таныстырылым да соның бір белгісі. Біз қанша жырақта жүрсек те ұлттық тілімізді ұмытпай, дінімізді сақтап, ділімізді ұлықтап, ұлттық болмыс-бітімімізді жоғалтпай келеміз. Сондықтан, қазақтың салты-дәстүрін көрсететін фильмдерге басты назар аударамыз», — деді фильмнің сценарий авторы Еркеш Құманбекқызы.
Белгілі ақын, этнограф Қажытай Ілиясовтың айтуынша, фильм өз тақырыбын толық ашқан. «Қазақ ақсарбас айтып, тілек тілеген. Туындыны жасаушылар қозы арқылы бір тағдырды көрсете білген. Сонымен қатар, Қытайдағы қазақтардың тіршілігін көрсетіп, біздің тұрмыс- салтымыз бен әдет-ғұрыптарымызды жақсы көрсеткен. Ол алдағы уақытта халқымыздың салт-дәстүрін жан-жақты ашып көрсетуге өзінің оң ықпалын тигізері сөзсіз. Бүгінгі жас көрермендерге қазіргі кинолардағыдай жалаңаш қыз-келіншектерді тықпалағанша, осындай халықтық белгісі, нышаны бар киноларды, тілі әдемі жазылған фильмдерді көрсеткен пайдалырақ болар еді», — деп атап өтті Қажытай Ілиясов тұсаукесер рәсімінде.