Бұл туралы Ақордада ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен өткен кеңес барысында ҚР Мемлекеттік хатшысы-сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев мәлім еттті.
«Жоспардың аясында 30-ға жуық мәдени-көпшілік іс-шараларды өткізу көзделген. Басты мәдени оқиғаның қатарында — Халықаралық әйелдер күні, Наурыз мейрамы, Елорда күні, Конституция күні мерекелеріне байланысты салтанатты концерттер өтетін болады. Оқиғаның шарықтау шегі 15 желтоқсанда Тәуелсіздіктің 20 жылдығына орай салтанатты концертке ұласады», — деп баяндады Қ.Саудабаев.
Оның айтуынша, Мәдениет министрлігінің желісі бойынша көрмелер мен экспозициялар ұйымдастырылады, Тәуелсіздік тақырыбына арналған музыкалық және көркем шығармалар байқаулары жарияланып, қорытындысы жыл соңында шығаралады.
«Ғылыми институттар желісі бойынша ғылыми-практикалық конференциялар, форумдар өткізу, кітаптар шығару шаралары іске асырылады», — деді Сыртқы істер министрі.
Бұрын хабарланғандай, Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығы жылын мерекелеуді өткізу жөніндегі мемлекеттік комиссияны Мемлекеттік хатшы-Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев басқаратын болды. Оның құрамында Президент Әкімшілігінің, Үкіметтің өкілдері, Парламент депутаттары, әкімдер, қоғамдық құрылымдардың өкілдері бар. «Комиссия барлық мүдделі тараптарды — мемлекеттік органдарды, қоғамдық ұйымдарды, үкіметтік емес ұйымдарды және бизнес өкілдерінің күш-жігерлерін топтастыруды қамтамасыз етуі тиіс», — деп атап өтті Елбасы.
Кеңеске Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев, Парламент Мәжілісінің Төрағасы Орал Мұхамеджанов, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы-Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев, Президент Әкімшілігінің Басшысы Аслан Мусин, Премьер-Министрдің орынбасары-Индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исекешев, «Нұр Отан» ХДП Төрағасының бірінші орынбасары Нұрлан Нығматулин, республика өңірлерінің әкімдері, Қазақстанның министрліктері мен ведомстволарының басшылары қатысты.