Байқауға алдын ала іріктеуден өткен 11 сері қатысты. Сайыстың «Мен, мен едім, мен едім» деп аталатын кезеңінде жігіттер өздерін таныстырып, ұлттық киім үлгісін көрсетті. «Жігіт білімімен көрікті» сайысында қазақтың салт-дәстүрлері, ғұрыптары бойынша танымдық сұрақтарға жауап берсе, «Салауатты өмір — салтымыз» кезеңінде спорттың қол күресі, кір көтеру түрлерінен күш сынасты. Ал «Жігітке жеті өнер де аз» сайысында көрермендерге мәнерлеп оқу, ұлттық аспаптарда ойнау, ән айту және би билеу өнерлерін паш етті.
Қазылар алқасы жігіттердің сахнада өзін-өзі ұстай білу мәнерін де бағалады.
С.Сейфуллин атындағы университет мұражайының меңгерушісі Құттыбай Ахметовтың айтуынша, «Жігіттің сұлтаны» мен «Қыз сыны» байқауы білім ордасының қабырғасында 20 жыл бойы өткізіліп келеді. «Бұл жастарды ана тілін, ұлттық мәдениет пен салт-дәстүрлерді құрметтеуге тәрбиелеу үшін жақсы үрдіс. Сондай-ақ мұндай сайыстар студентке бойындағы шығармашылық талантарын шыңдауға жақсы мүмкіндік береді», -деді ол.
Қазылар алқасы, нағыз жігіттің сұлтанына тән — мыңды жығар біліктілік пен мыңнан озар білімді, көріктілік пен тұла бойы тұнған талантты бір серінің бойынан таба алмағандықтан, жүлделерді екінші орыннан бастап белгіледі.
Солай, екінші орын — энергетикалық факультеттің 1 курс студенті Нұрлыбек Рахметбековке, үшінші орын — техникалық факультеттің 1 курс студенті Қуанбек Баулыбекке және университет жанында жаңадан ашылған колледжің 1 курс студенті Серікжан Шәріпханға берілді.