Астанада Қ. Тұрысовқа арналған «Азамат» кітабының таныстырылымы болды - kaz.caravan.kz
  • $ 517.66
  • 606.49
-3 °C
Алматы
2025 Жыл
20 Желтоқсан
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Астанада Қ. Тұрысовқа арналған «Азамат» кітабының таныстырылымы болды

Астанада Қ. Тұрысовқа арналған «Азамат» кітабының таныстырылымы болды

Бүгін елордада ҚР Президенттік мәдениет орталығында көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Қаратай Тұрысов жайында жазылған «Азамат» атты кітаптың тұсаукесері өтті.

  • 3 Ақпан 2011
  • 727
Фото - Caravan.kz

Аталған еңбек Қаратай Тұрысовтың туғанына 75 жыл толуына орай шығарылған. Кітапты құрастырған елімізге танымал қаламгер, «Егемен Қазақстан» газетінің президенті Сауытбек Абдрахмановтың айтуынша, бұл шығармада ел үшін ерекше еңбек еткен ердің ерен бейнесі сан қырынан айшықты ашылған. Сондай-ақ Қаратай Тұрысов жайлы елімізге танымал қайраткерлердің, қаламгерлердің тағылымды ой-толғаныстары, әлемдік экономиканың көрнекті өкілдерінің берген бағалары, жүрек толқытарлық естеліктері, оның көзі тірі кезінде мерзімді баспасөз беттерінде жарияланған мақалалары мен сұхбаттары жинақталған. Кітаптың соңғы бөлігінде Қ. Тұрысовқа арналған жыр-өлеңдер топтастырылып отыр.

«Қарекеңнің күнделікті тіршіліктегі адамдық бейнесі осы туындыда алғаш рет ашылып отыр деп айтуға болады. Өйткені мұның алдындағы кітаптарда ол кісі көбінесе қайраткер, депутат ретінде қарастырылатын. Ал мұнда қазақтың аяулы азаматы, әзілқой, дархан жүректі кісі ретіндегі бейнесі әдемі штрихтармен ұтымды көрсетілген»,-дейді автор.

Кітап үш бөлімнен тұрады: «Тұлға», «Тағылым», «Тілек». Іс-шара барысында Қ. Тұрысовтың қайраткерлік тұлғасы жайлы 10 минуттық қысқаша фильм көрсетілді. Таныстырылым кезінде зайыбы Әскергүл Жамбайбекқызы Тұрысова, Қазақстанның халық жазушысы, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері, ақын Фариза Онғарсынова және тағы басқалар өз естеліктерімен бөлісті.

«Үйде ол кісі абзал ата, байсалды, адал жар болды. Жұмысы қауырт жүретін Қарекең, қолы қалт ете қалса бар уақытын балаларға бөлетін. Шаңырақ астында жұмыс, қызмет жайында әңгімені қозғамайтын. Алайда өзі көп дайындық жасайтын, қызметіне өте жауапты қарайтын. Балаларға да, бізге де жауапкершілікті жоғары қоюға үйретті. Ол өте қарапайым, балаларға қамқор бола білді, бірге өмір сүрген жылдарды сыйластықпен өткіздік»,-дейді зайыбы Ә. Тұрысова.

Қаратай Тұрысов 1934 жылы 2 ақпанда Жамбыл облысы, Жамбыл ауданы, Жасөркен ауылында туған. Мәскеу геологиялық барлау институтын бітірген. Өз мамандығы бойынша еңбек еткен ол бірқатар партиялық жауапты қызметтерді атқарған. Қаражал қалалық, Торғай облыстық партия комитеттерінің хатшысы болды. Кейін бірнеше лауазымды қызметтерде болды. 1984-1986 жылдары Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің хатшысы, 1986-1991 жылдар аралығында Бүкілодақтық Кәсіподақтар Орталық Комитетінің хатшысы, 1991 жылы Қазақ КСР Министрлер Кеңесі Төрағасының орынбасары, ҚР Туризм, дене шынықтыру және спорт министрі, ҚР Орталық сайлау комиссиясының төрағасы қызметтерін абыроймен атқарды. КСРО Жоғарғы Кеңесіне екі дүркін депутат болып сайланған. Өмірінің соңғы жылдарында Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Қаржы және бюджет комитетінің төрағасы болған Қаратай Тұрысов заң шығару ісінде де өз қолтаңбасын қалдырды. Елге сіңірген еселі еңбегі үшін оннан астам медальдармен, екі мәрте «Еңбек Қызыл Ту» орденімен және «Барыс» орденімен марапатталған.


Кітаптың тұсаукесер рәсімінде ҚР Президенті Әкімшілігінің өкілдері, депутаттық корпус, ҚР Жоғарғы сотының, дипломатиялық корпус пен консулдық мекемелер, министрлік өкілдері, Астана қаласы әкімдігі мен Білім басқармасы, ҚР Жазушылар одағы, ҚР Журналистер одағы, Мәдениет және қоғам қайраткерлері, «Нұр Отан» ХДП мүшелері болды.

Перейти к новостям спорта