Көрмені «Дауа» атты арт-терапия студиясы ұйымдастырған.
Қала тұрғындары көрмеде Бақытбек Талқамбаевтың өз туындыларымен қатар, шәкірттерінің жұмыстарымен де танысып, тамашалай алады.
Көрмеге 60 туынды қойылған. Оның 34-і Б.Талқамбаетікі, қалған 26 сурет оның ізін қуған шәкірттерінің еңбектері. Оның шығармалары таңбалы өрнектен құрылған композициялардан тұрады.
«Дауа» атты арт-терапия студиясында әр жастағы адамдар суретпен, кескіндемемен айналыса келе өз бойларындағы сырқаттардан арылуға жол табады екен. Осылайша ол еркін шығармашылық жүйесіне сүйене отырып, жүйкені қалпына келтіру әдістемесін жасады. Көрменің өзгешелігі де осы.
Оның айтуынша, бұл әдісті Жапония, АҚШ және бірқатар Еуропа елдерінің ғалымдары қабылдаған.
«Көрмедегі жұмыстар авангардтық бағыт, абстракциялық ағымда салынған. Менің Алматыда, Астанада және Шымкентте бірнеше мыңдаған шәкірттерім бар. Әртүрлі жастағы адамдар. Ішіндегі ең егдесі Шерхан Мұртаза», -дейді Б. Талқамбаев.
Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі Бақтыбек Омарұлы Талқамбаев 1949 жылы дүниеге келді.
Оңтүстік Қазақстан облысында туған. Мәскеу сәулет институтының сәулет факультетін, КСРО Суретшілер одағы жанындағы Е.Роземблюмнің дизайн орталық оқу-әдістемелік студиясын бітірген. Қылқалам шебері ұзақ жыл бойы қолданбалы өнердің сан түрлі саласында жемісті еңбек етіп келеді. Ол қазақы үйге қажетті есіктер, кебежелер, ыдыс-аяқтарды ағаштан ойды. Сәулетші ретінде Шымкент қаласындағы бірқатар ғимараттардың жобасын жасады. Оның көптеген өнер туындылары Жапония, АҚШ, Франция, Болгария, Норвегия және ТМД елдерінде жеке коллекционерлерінің қорында сақтаулы.