Сатира-юмор жанрында есімі танымал Т. Құлыяс соңғы жылдары мұрағат, мұражайлардағы тарихи деректерді зерттеп тарихи шығармаларға бет бұрғаны белгілі. Қазақстан тәуелсіздігінің 20 жылдығына орай жарыққа шыққан аталмыш туындылары қазақ даласында қасақана жасалған саяси қуғын-сүргін мен аштық нәубеті, 1918-1932 жылдар кезеңінде қазақ халқы бастан кешкен жәйттер баян етіледі.
Кітаптың үшеуі де Кеңес Үкіметі тұсындағы трагедиялық оқиғаларға, қолдан жасалған саяси нәубеттерге арналған. Мәселен «Қан жоса ғасыр» кітабында 1918-1922 жылдардағы аштықтың себептері баяндалса, «Қырғын» кітабында 1932-1934 жылдары Ф. Голощекиннің «Кіші Қазан» ұжымдастыру саясаты және оның қазақ халқы үшін орны толмас салдарлары, «Қан кешу» жинағында НКВД-нің ұлт зиялылары мен бас көтерер азаматтардың соңына түсіп, қуғын-сүргінге ұшыратып, ғазиз өмірлерін жалмаған ауыр жылдар суреттеледі.
«Қазақстанға қатысты мұрағат құжаттарының басым бөлігі Ресей жерінде. Арып-ашысақ та «бөрі арықтығын білдірмейді» деп, тірнектеп жинап, мына үш кітапты шығарып алдым. Қазақ халқының басынан талай қиындықтар өтті. Көптеген тарихи құжаттар әлі ашылмай жатыр. Әсіресе 1918 жылғы аштық ешбір кітапта, БАҚ беттерінде көрінген жоқ», — дейді автор.
Жазушы кітап шығару барысында Бірлескен мемлекеттік саяси басқармасының және Ішкі істер Халық Комиссариатының құпия құжаттарын, сонымен бірге Орынбор, Ор, Барнауыл, Кемер қалаларының мұрағаттарындағы құжаттарды пайдаланған.