Аудан әкімі Өтеміс Мырзағалиевтің бастамасымен өткен жылы студияға 147,8 мың теңгенің құрал-жабдықтары алынған болатын. Облыстық мәдениет басқармасының бастығы Айдар Батырхановтың сөзіне қарағанда, облыста мұндай студия бұған дейін Ғ.Құрманғалиев атындағы облыстық филармонияда болған еді. Енді тасқалалық өнерпаздар да өз студиясында ән жаздыра алады.
Жалпы, ауданда өнер мен мәдениетке ерекше көңіл бөлініп келеді. Айталық, өткен жылы аудандық қазақ ұлт аспаптар оркестрі ашылды. Таяуда барлық ауылдық округтің мәдениет үйлеріне дыбыс күшейткіш, қос колонка, екі радиомикрофон, 1 компьютерден табыс етілді. Алдағы уақытта Мерей ауылдық мәдениет үйін күрделі жөндеуден өткізу, Достық ауылында жаңа мәдениет үйін салу, аудан орталығында үлгі жобадағы кітапханалар жүйесінің ғимаратын тұрғызу ойластырылуда. Сондай-ақ биыл атақты күйші Сейтектің 150 жылдық мерейтойын Тасқалада ұйымдастыруға толық мүмкіндік бар.