Бұл шара Қазақстан Республикасының 20 жылдығына арналып отыр, деп хабарлады театрдың бұқарамен байланыс бөлімінен.
Бүгінде Астана қаласының Қ.Қуанышбаев атындағы қазақ музыкалық драма театры сахна өнерінің елордадағы талантты да танымал ұжымы болып табылады. Аталмыш театрдың репертуарындағы тамаша қойылымдар астаналық көрерменнің көзайымына айналып, көпшілікке тәрбиелік мәні зор, рухани қызмет көрсету ісінде айтулы жетістікке жетіп отыр.
Осы үрдісті көпшілікке жақындата түсу үшін, театр ұжымы промо-акцияны өткізгелі отыр. Сондай-ақ, промо-акцияда театр артистерімен бірге еліміздің танымал жұлдыздары өнер көрсетеді. Атап өтсек, «Бәйтерек» және «Аламан» топтары. Сонымен қатар, промо-акцияға Қаллеки театрының майталман актрисалары мен актерлары, қазақ өнерінің Асанәлі Әшімов, Рымкеш Омарханова, Түймехан Атымтаева, Шәміл Жүніс, Гүлжан Әспетова сынды тарландары қатысады.