Оны әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті мен «Адырна» ұлттық-этнографиялық бірлестігі бірігіп ұйымдастырып отыр. Өнер кешіне Рамазан Стамғазиев, Еркін Шүкіманов, Сәуле Жанпейісова, Ардақ Исатаева, Ерлан Рысқали секілді бірқатар елге белгілі әншілер қатысады деп жоспарланып отыр.
Әнші, сазгер, ақын Біржан Қожағұлұлы 1834 жылы қазіргі Ақмола облысы Еңбекшілдер ауданында өмірге келіп, 1897 жылы сонда көз жұмған болатын. Ол қазақтың дәстүрлі әншілік өнерін, халық музыкасын жаңа белеске көтеріп, оны өзінің ән-өлеңдерімен толықтырған аса ірі өнер саңлағы. Біржан сал әндерінің тақырып аясы өте кең. Бозбала кезінде-ақ ел арасында әншілік өнерімен көзге түскен ол өз заманындағы Шөже, Салғара, Толыбай, Орынбай, Нүркей, Сегіз сері, Арыстан тәрізді әйгілі өнер шеберлерінің тәлімін алады. Жасы 20-ға жетер-жетпестен өз жанынан ән шығарып, той-думанның көркіне айналған Біржан Қожағұлының 1865 жыл қазақтың бас ақыны Абай Құнанбайұлымен кездесуі шығармашылық қызметінің дамуына тың серпін береді. Оның «Айтбай», «Адасқақ, «Жамбас сипар», «Жонып алды», «Алтын балдақ», «Көкек», «Жанбота», «Теміртас» сияқты шығармалары дәстүрлі қазақ әндерінің классикалық үлгілері ретінде қазақ мәдениентінің алтын қорынан өз орнын алды.